KZ
Өскемен
-1°
переменная облачность жел 1 м/с, С
481.84 531.33 5.07

Шығыс Қазақстанда апатты мектептердің саны ешқандай жөндеу жұмыстарынсыз-ақ азайып келеді

10.10.2013, 18:00 146


Шығыс Қазақстанда апатты мектептердің саны ешқандай жөндеу жұмыстарынсыз-ақ азайып келеді. Облыс әкімі Б.Сапарбаев таяуда өткен интернет-конференцияда жарамсыз оқу ордаларының саны 61 деген еді. Алайда облыстық мәслихаттың кезекті XIV сессиясында баяндама жасаған облыстық білім басқармасының басшысы А.Нұрғазиев аймақтағы апатты білім ошақтары қатарынан 11 мектеп алынып тасталды, бүгінде облыста 46 мектеп бар деген дерек келтірді.

– Тамыз айында 17 мектепке тексеру жүргіздік. Оның бесеуіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге болады екен. Апатты мектептер қатарынан 11 мектеп алынып тасталды. Қазіргі кезде 46 апатты мектеп бар. Бүгінде бұл мәселемен арнайы комиссия шұғылданып жатыр, – деді А.Нұрғазиев.

Сессияда осы мәселеге қатысты сөйлеген депутаттардың мәліметтеріне сүйенсек, керісінше, ауылды жерлердегі кейбір апатты ғимараттар ешқандай комиссияның назарына ілінбей қалған сияқты. Мысалы, депутат Марат Құрманбаев Семей қаласының Алғабас ауылдық округіндегі 400 орындық мектепте 200 оқушы оқып жатқанын, күрделі жөндеу мүлдем жүргізілмегенін, мектеп төбесінен су сорғалап тұрғандықтан үшінші қабатын жауып қойғанын, жылу қазандығының құбыры да тозығы жеткенін жеткізіп, аталған мекеменің күрделі жөндеуден өткізу мүмкіндігін қарастыру жөнінде мәселе көтерді.

Басқарма басшысы 2014 – 2016 жылдары мектептерді күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары үшін 16 млрд. теңге қарастыруды сұрағанын, алайда, мектептердің жобалау-сметалық құжаттары болмайынша, аталған қаражатты бөлмейтіндігін, мұндай құжатты жергілікті атқарушы орган ресімдейтінін айтты.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив