KZ
Өскемен
+13°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
443.16 480.39 4.94

Қазақ футболының 100 жылдығына орай Семейде алаң салынып жатыр

27.07.2013, 18:00 247


Семейде қазақ футболының 100 жылдығына орай «Жүз жыл, жүз алаң» бағдарламасымен он шағын футбол алаңының құрылысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

– Жобаның тапсырыс берушісі болып табылатын қалалық құрылыс бөлімі мердігерді анықтау үшін конкурс жариялап, содан кейін жұмысқа кіріседі. Семейдегі бес мектепте жасанды төсеніші бар бес шағын футбол алаңы салынады. Олар қыркүйек айында қолданысқа беріледі, – дейді Семей қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мұрат Құжықаев.

Семей қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ольга Ряшинаның айтуынша, бюджет қаражатына бірден 10 алаң салу мүмкін болмағандықтан, жоспарға біраз түзету енгізілген. Нәтижесінде шаһардағы №27, 44, 33, 18 және 38 білім ошақтарында қазына қаржысына алаңдар бой көтеретін болып шешілді. Тамыз айының басында мердігерлерді анықтау мақсатында конкурс өтеді. Қыркүйектің ортасына қарай жұмыстар толық аяқталмақ. Сөйтіп, он футбол алаңының бесеуі бюджет есебінен, қалғаны демеушілердің көмегімен іске асырылмақ. Бюджет есебінен салынатын нысандар біраз кешіккенімен, меценаттар мен демеушілердің қаражаттарына тұрғызылатын құрылыстарда қазір қызу жұмыс жүріп жатыр. Оның екеуі кәдімгі турнирлер өткізуге арналған алаң болса, үшеуі шағын футболға лайықталып жасалуда.

Сол сияқты қаладағы аквапарктің жанынан жеке кәсіпкер Сергей Агапкин өз есебінен жасанды көгалы бар шағын футбол алаңын тұрғызбақ. Қалалық әкімдік оған тегін жер бөліп, құжаттарын реттеп берді. Кәсіпкердің айтуынша, бұл жоба үш жылға арналған. Биыл жасанды көгал мен қорған салу және жарық орнату жұмыстары жүргізіледі. Жоба құны – 17 млн. теңге. Келер жазда алаңның қасынан шағын ғимарат тұрғызылып, жаттығу (тренажер) залы ашылмақ. 2015 жылы теннис корты салынады.

Бұған қоса, «Ахметов ЖК» ұжымы Затон шағын ауданында футбол алаңын салуды бастады. Міне, осылайша қаланың біраз бөліктерінде футбол алаңдары салынбақшы. Басты мерекелік іс-шаралар өтетін «Спартак» стадионын күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттарды дайындау қолға алынды. «Спартак» командасының қала сыртындағы оқу-жаттығу базасы жеке инвесторлардың қаржысы есебінен салынады.

Раушан Нұғманбекова
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив