KZ
Өскемен
+29°
переменная облачность жел 5 м/с, ОШ
471.46 504.79 5.53

Кеңгірбай ауылының ажары ашылып қалды

11.07.2013, 18:00 158


Абай ауданы орталығының іргесіндегі елді мекенге тәуелсіздікке қол жеткізген бетте Кеңгірбай бабамыздың есімі берілгенімен, былайғы жұрт оны әп дегеннен Биата ауылы атап кеткен. Мұндағы халықтың саны бір мыңның үстінде ғана. Оның үстіне тірек ауылдарына жасалып жатқандай қамқорлықтан бұл ауылдың кенде екендігі тағы бар. Алайда, шағын ауылдың бүгінгі тіршілік-тынысын тіптен де жоққа шығаруға болмайды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Кеңгірбай би ауылдық округінде ең алдымен соңғы жылдары мал басының өсе бастағаны қуантады. Мұнда қазірде жетпістен астам шаруа қожалығы тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Және солардың басым бөлігінде заман талабына сай мал тұқымын асылдандыруға тиісінше көңіл бөліне бастағанын құптамасқа болмайды.

Ауыл шағын болғанмен онда орта арнаулы мектеп пен кәсіптік білім беру колледжінің, жанұялық амбулатория, пошта байланыс мекемесінің, кітапхана, моншаның, мектеп жанында жылыжайдың жұмыс істеп тұрғаны көп нәрсені аңғартса керек. Мұның сыртында аудан әкімінің қамқорлығымен ауылда Ж.Кәрменов атындағы аудандық саз мектебінің филиалы ашылыпты. Аудандық спорт бөлімі тарапынан да мамандар бөлініп, дзюдо мен бокс бөлімдері ашылған көрінеді.

Ең бастысы сол, ауыл азаматтары қай мәселеде болсын, қол қусырып қарап отырған жоқ. Айталық, былтыр ауылға кіреберісте қақпа орнатылды. Оны ауыл әкімінің көлік жүргізушісі Серғали Төлеуханов тегін орнатып беріпті. Енді сол қақпаға жарық орнатамыз деп отыр. Сонда түнгі ауыл көрінісі жайнап сала береді. Осы орайда ауыл әкімі Гүлнар Боранжанова өнертапқыш Арна Үркімбайдың да есімін құрметпен атай кеткен. «Ауылымызда осындай алтын қолды шебер азаматтар баршылық» дейді ауыл әкімі.

Ал жарық демекші, былтыр ау-дандық бюджеттен ауыл көшелеріне он шамға жететін қаражат бөлінсе, бұлар соның орнату жұмыстарын өздері атқарып, ал үнемделген қаражатқа тағы он шам алыпты. Солайша Абай, Зере, Сүндетбаев көшелерінің өңі кіріп қалыпты.

Ауылда Абай, Биата алаңдары бар. Онда олардың ескерткіштері орнатылған, жарық тартылып, ағаш отырғызылған. Ал биыл осындағы мектепті бұдан жиырма жыл бұрын бітірген түлектердің күшімен Айбек алаңы ашылып отыр. Айбек Жұманбаев әлгі түлектердің жол апатынан көз жұмған сыныптастары екен. Хоккей корты осы алаңда. Енді бұл алаңға да жарық тартылмақ.

Биата ауылына барғанда мұнда толық күшінде қатарға қосылғалы жатқан саябақтағы қызу қарбаласқа куә болдық. Сахна, би алаңы салынып, тас төселген, орындықтар қойылған саябақ биыл қоршалыпты. Бұдан бірер жыл бұрын егілген ағаштар жайқалып өсіп қалыпты. Енді мұнда түрлі гүлдер егілуде. Темірмен әсем айшықталған қызғалдақ пен пальма ағашы да көз тартады. Әкім өзі бас болып, жергілікті азаматтарға саябаққа шам орнатқызып жатыр екен. Осының бәрі тегін атқарылып жатқаны да бұл ауылда ауызбіршілік бар екендігін көрсете ме дейміз.

Дәулет Сейсенұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив