KZ
Өскемен
+12°
ясно жел 1,3 м/с, ОШ
480.11 532.25 5.14

Медеу ауылының тұрғындары мекендерінің мерейін арттырып жүр

23.07.2013, 18:00 179


Абай ауданындағы Медеу ауылы – шағын елді мекен. Қазірде мұндағы халық саны бес жүзден сәл ғана асады. Соған орай көбіне мұнда қысқа жіп күрмеуге келмей жататыны да рас. Сонымен бірге, осы шағын ауылда оңды жаңалықтар да жоқ емес, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Осы орайда сәл шегініс жасап, мұнда кеңшар 1976 құрылғанын айта кеткеніміз жөн болар. Оған дейін Медеу ауылы көршілес Тельман атындағы кеңшардың бір бөлімшесі ғана болатын. Аз ғана уақыттың ішінде мұндағы халық саны мыңнан асып, жаңа шаруашылықтың тасы жоғары өрлеп, сан мәрте жарыс төрінен көрінгенін де білетінбіз. Тоқсаныншы жылдардың басында мұнда үш жүз орындық жаңа мектеп ғимараты бой көтергені де көп нәрсені аңғартса керек. Сол шақта мұнда екі жүзден астам оқушы оқыған болса, қазірде олардың саны тоқсанға да жетпейді.

Яғни, кеңшарлар таратылғанда жан-жақтан жиналған мамандар мен жұмыс-шылардың басым бөлігі ауа көшіп қайтып кеткен. Абырой болғанда мектеп, оның жанында шағын балабақша жұмыс істейді. Мұндағы елдің басқа жаққа ауа көшуінің тоқтағанына басқа да оңды жағдайлардың себепші болып отырғанын жоққа шығаруға болмайды.

Айталық, ана бір жылдардағы аласапыран шақта ауыл клубының сақталып қалғаны дұрыс болды. Осыдан екі жыл бұрын ауылға облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ келіп, оны салтанатты жағдайда қайтадан ашып беріп кетіпті. Клубтың сыртқы, ішкі жұмысына жергілікті бюджеттен тиісінше қаржы бөлінген. Осындай игілікті шарадан іс басындағы азаматтар да сырт қалмапты. Мәселен, осы ауылдан аудандық мәслихатқа депутат болып сайланған және қазірде сол аудандық мәслихаттың тізгінін ұстап отырған Төлеубек Аманғазин өз қалтасынан қаржы шығарып, сахнаны безендіріп, музыкалық аппаратуралар сатып алып берді. Ол, сонымен бірге осы ауылдағы басқа да шараларға демеушілік танытып келе жатқан көрінеді.

Осы орайда ауыл әкімі Дарын Мұхтарұлы бүгінде Семейде тұратын абайлық Шаған Оразалин, Аян Жарылғапов сынды кәсіпкерлер есімін де ұмытпай атай кеткен. Айталық, Шаған биылғы қыста «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында Медеу ауылында жеткіншектерге арналған хоккей кортының ашылуына демеушілік етіпті. Басқа да мектеп түлектерінің туған ауылына ара-тұра қамқорлық көрсетіп жататыны және бар.

Осыдан төрт-бес жыл бұрын ауылда Жастар саябағы ашылды. Оған сахна орнатылып, жарық тартылған, ағаш отырғызылып, гүлдер егілген. Мұның сыртында ауылда футбол алаңы да жасалған. Соның бәрі көңілге қуаныш ұялатқанмен, бұл ауылда «әттеген-ай» дейтіндей қордалы мәселелер де жоқ емес. Мәселен, мұндағы төрт көшенің біреуі ғана жарықтандырылған. Қалған көшелерді жарықтандыру үшін екі миллион теңгеден астам қаржы керек.

Бұл ауылда сонымен бірге, ауызсу мәселесі тіптен де сын көтермейді. Алдағы уақытта «Ақбұлақ» бағдарламасына ену үшін ең алдымен осы жұмыстың жобасын жасату керек. Тек бұл жобаның өзіне ғана төрт миллион теңге қаржы керек екен. Аудан мен ауыл арасындағы жолды жөндеу, ауылда ұялы телефон стансасын салу да өз шешімін таппай келеді.

Дәулет Сейсенұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив