KZ
Өскемен
+22°
ясно жел 5 м/с, З
479.05 534.57 5.17

Облыс әкімдігі мен "Қазатомөндіріс ҰАК» АҚ арасындағы әлеуметтік әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды

9.06.2013, 18:00 130


Өскемен қаласындағы «Kazakhstan Solar Silicon» зауытында «Қазатомөндіріс» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Владимир Школьник пен Францияның Атом энергиясы мен жаңартылатын қуат көздері жөніндегі комисcариатының бас жетекшісі Бернар Биго мырза болды. Мәртебелі қонақтарды ШҚ облысы әкімі Бердібек Сапарбаев кәсіпорын жұмысымен таныстырды. Сондай-ақ, облыс әкімдігі мен «Қазатомөндіріс ҰАК» АҚ арасындағы әлеуметтік әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Қазақстан мен Франция бірлесіп жүргізіп отырған бұл индустриялық-инновациялық жобаны келешектің жобасы деп айтуымызға толық негіз бар. Себебі, әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдері өздеріне қажетті баламалы қуат көздерін, күн мен желден алу тәсілдерін күн санап жетілдіріп келеді. Қазақстанның да бұл жаһандық бәсекеден қалғысы жоқ. Осы ретте Франция инженерлерінің арнайы жобасы Өскеменде де жүзеге аспақшы. Облыс орталығында құрылысы межесіне тақап тұрған «Kazakhstan Solar Silicon» зауыты – осы жоспардың жемісі. Зауытта алдағы уақытта күн энергиясынан электр қуатын алатын фотоэлектрлік пластиналар, яғни, күн батареялары өндірілетін болады. Ең бастысы, бұл – электр қуатын өндірудің ең экологиялық таза және қауіпсіз тәсілі.

Облыс әкімдігі мен "Қазатомөндіріс ҰАК» АҚ арасындағы әлеуметтік әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылдыОблыс әкімі Бердібек Сапарбаев мәртебелі меймандарды Согра кентінде орналасқан зауытқа бастап келді. Франция қуат көздері комисcариатының бас жетекшісімен қатар Еуропаның айтулы өндіріс компанияларының өкілдері, соның ішінде күн батареялары және идукциялық технологиялар саласының тісқаққан мамандары да келді.

Бұл жерге бір жылдың ішінде аумағы ат шаптырым жерді алып жатқан үлкен зауыт салынып үлгеріпті. Қазір құрылыс жұмыстары аяқталып, арнайы құрылғылар мен аспаптардың бұрандалары бекітіліп жатыр екен. Оны Франциядан келген білікті мамандар ұйымдастыруда. Олар әлі жарты жылдың көлемінде Өскеменде еңбек етіп, жергілікті мамандарға өз білгендерін үйретіп кетпекші.

Фотоэлектрлік пластиналар өндіретін «Kazakhstan Solar Silicon» зауытының өндірісі екі негізгі технологиялық бағыттан тұрады, олар: кремни пластиналары және фотоэлектрлік пластиналарды шығару. Өндірістің жаңашылдығы мен артықшы-лығы оның Өскемен ауасын ластамай, ауаға тарайтын қалдықтарды аса аз мөлшерде босатуында.
«Қазатомөндіріс» баспасөз қызметкерінің айтуынша, өнімге қажетті шикізат, яғни кремний Алматы облысының Үштөбе елді мекенінен әкелінеді. Біздегі зауытта металлургиялық кремний өңделіп, ерітіледі. Қажетті қалыпқа түсіп, пластинкаға айнал-ған дайын өнім мұнда күміспен қапталады, тағы бірнеше химиялық процестерден өтеді. Өскеменде дайын болған фотоэлектрлік пластиналар Астанадағы фотоэлектрлік модульдер құрастырылатын «Astana Solar» зауытына жөнелтіледі екен.

«Қазатомөндіріс» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Владимир Школьниктің айтуынша, әлемде күн батареяларын өндіретін мемлекеттердің саны көп, алайда фотоэлектрлік пластиналарды шикізат өңдеуден бастап дайын өнімге дейін өзі жасап шығаратын мемлекет әлемде бесеу-ақ, олар: АҚШ, Канада, Қытай, Жапония және Қазақстан екен.

«Kazakhstan Solar Silicon» зауыты жыл соңына дейін өз жұмысына кірісіп те кетпекші. Ал 2014 жылдың бірінші тоқсанында өндіріс орны өзінің барлық күш-қуатын еркін пайдалана алатын болады. Осы саланың мамандарының айтуынша, зауыттан шығатын өнімнің алғашқы жарнамасы жергілікті шаруа қожалықтары арқылы жасалмақшы. Электр желісі тартылмаған шалғайдағы фермерге күн батареясы қойылып, оның артықшылығы бір жыл көлемінде қалың жұртшылыққа ақпарат құралдары арқылы көрсетіліп тұрады екен. Дәл осындай Қытайда шығарылатын бір пластинаның құны шамамен 200 доллар көлемінде. Ал «Қазатомөндіріс» баспасөз қызметкері Кристина Подшивалованың айтуынша, бізде шығатын батареялар, сапасына сәйкес қытайлық өнімнен сәл қымбаттау болмақ. Ал бір үйді электр қуатымен қамтамасыз ету үшін 15-20 шақты электр пластиналары қажет екен.

Әлеуметтік әріптестігіміз арта түседі


Бұдан соң тараптардың кездесуі облыс әкімдігіндегі мәжіліс залында жалғасты. Аталмыш басқосуға сонымен қатар Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жан-Шарль Бертонэ, облыстағы департаменттер мен басқармалардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Өскеменнің іргесінде күн батареяларына қажетті пластиналар шығаратын «Kazakhstan Solar Silicon» атты заманауи зауыттың құрылысы жүріп жатқаны белгілі. Былтыр маусым айында басталған құрылыс қазір аяқталу үстінде, құрал-жабдықтары әкелініп, орнатылуда. Бұл – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасы бойынша «Қазатомөндіріс» компаниясы қолға алып, атқарып жатқан ауқымды жоба. Өскемендегі зауыттың жалпы құны 8,5 миллиард теңгені құрап отыр.

Жиында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев «Қазатомөндіріс» ұлттық компаниясының әлеуметтік жұмыстарын жоғары бағалады.

– Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында акционерлік қоғам өңірге 2 миллиард теңге қаржы құйған. Сол қаржыға балаларды сауықтыру орталығы, балабақша бой көтеріп, қазір Рыпакова атындағы жеңіл атлетикалық манеж салынуда, – деген аймақ басшысы осы игілікті шаралары үшін облыс басшылығы атынан компанияға алғыс білдірді.

Сондай-ақ, аталмыш компанияның құрамындағы Үлбі металлургиялық зауыты өз еңбеккерлеріне пәтер алу үшін пайызсыз несие беруді бастапты. «Бұл да – жақсы бастама» деп атап өтті облыс әкімі.
– Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы айтар болсақ, біздің баршамыздың түпкі мақсатымыз бір – ол ел азаматтарының әл-ауқатын арттыру. Сондықтан, біз бұл бағыттағы жобаларымызды әлі де жалғастырамыз. 2011 жылы «Қазатом-өндіріс» Елбасының қолынан «Ең үздік әлеуметтік жауапты компания» деген атақ алды. Бұл біздің жұмысқа берілген жоғары баға деп есептеймін, – деді Владимир Школьник.

Ел экономикасын дамытушы басты күш – энергетика саласы екеніне тоқталған Бернар Биго Қазақстанның осы бағытты қолға алып отырғаны жобалары стратегиялық жағынан жасалған оң қадам екенін айтты. Ал елші мырза Қазақстан мен Франция энергетика саласында бірін-бірі толықтырып отырғанын атап өтті.

– Екі ел арасындағы ынтымақтастық өзара тиімділігімен ерекшеленеді. Мәселен, осы жоба арқылы француз тарапы заманауи технологияларын ұсынса, Қазақстан әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті дайын өнім шығарып, мыңдаған жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік алып отыр, – деді Жан-Шарль Бертонэ.

Кездесу соңында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен «Қазатомөндіріс» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамы арасындағы әлеуметтік әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Дарын Нұрсапаров,
Ержан Әбіш

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив