KZ
Өскемен
+19°
ясно жел 2 м/с, З
479.05 534.57 5.17

«Қазатомөндіріс» Шығысқа шынайы ықылас танытып отыр

31.10.2012, 18:00 140


ШҚО Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ «Қазатомөндіріс» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Владимир Школьникпен бірге бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында іске қосылатын бірқатар нысандарда болды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Олар Глубокое ауданы, Прапорщиково ауылындағы орта мектептің жылу бекетін, сондай-ақ Жаңа Согра кентіндегі фотоэлектрлі пластиналар өндіретін зауыттың, Өскемендегі жеңіл атлетикалық манеж бен Жекпе-жек сарайының құрылыстарын аралап көрді.

Прапорщиково ауылындағы орта мектепте «Қазатомөндіріс» компаниясы энергия үнемдеу жөніндегі жаңа жобаны іске асырып отыр. Бұл оқу орны – жылу сорғылары орнатылған еліміздегі тұңғыш әлеуметтік нысан. Бұл мақсатқа «Қазатомөндіріс» (Үлбі металлургиялық зауыты) шамамен 70 миллион теңге жұмсапты. Қаражат құрал-жабдықтарды жасау, оларды орнату, мектептегі ескі жылыту жүйесін жаңғырту, терезелерді ауыстыру жұмыстарына кеткен.

– Бұл жүйе өзінің тиімділігін іс жүзінде дәлелдесе, біз мұндай сорғыларды облыстың барлық мектептері мен ауруханаларына орнататын боламыз, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ осы ретте.

Бұл қондырғы көмір немесе сұйық отын жағылатын қазандықтармен салыстырғанда экологиялық жағынан таза, ал электр қазандықтарына қарағанда қуатты үш есе аз тұтынады. Әрі оны бір-екі жұмысшы ғана басқара алады.

Облысымыздағы жылу сорғыларын шығарумен айналысатын «Машзауыт» серіктестігінің дирек-торы Виктор Шоттың айтуынша, келешекте көптеген мекемелер ғимараттарын осы қондырғылар арқылы жылытуға көшпек, себебі, олар электр энергиясына кететін шығынды 70 пайызға қысқартады.

– «Қазатомөндіріс» – әлеуметтік салаға қомақты қаржы бөліп отырған еліміздегі алпауыт компаниялардың бірі. Кәсіпорын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Өскеменде 480 миллион теңгенің балабақшасын тұрғызды, Матросов атындағы балалар лагерін қалыпқа келтіруге 1 миллиард теңгеден астам қаржы құйды. Енді жеңіл атлетикалық манеж құрылысына қаражат бөлуді қарастырып отыр. Облыс жұртшылығы атынан осы игі істері үшін компания басшылығына ризашылық білдіремін, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив