Өскеменде 13 сәуір-25 мамыр аралығында тазалық айлығы өткізіледі. Қала көшелері тек қоқыстардан арылып қана қоймай, көшеттер де отырғызылатын болады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
«Көшеттерді отырғызу 3 бағыт бойынша жүзеге асады. Алдымен орман шарушылығы бөліп отырған үш мыңға жуық көшетті отырғызу. Одан кейін қаладағы алпауыт мекемелердің ағаштарды егуі, үшіншісі – мемлекет тарапынан бөлінген 5 мыңға таяу желектерді отырғызуды жоспарлап отырмыз» дейді қалалық ТҮКШ бөлімінің, жүргіншілер көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Жандос Байырханов.
Сенбілік жұмыстарына барша өскемендіктер жұмылдырылатын болады. Әркім өз аулаларын тазалап, ретке келтіруге тиіс.
Басқарма бастығының айтуынша, қала бойынша қоқыс төгуге болмайтын 112 орын бар екен. Олардың 87-і былтыр толықтай тазаланғанымен қазір қайтадан қоқысқа толып қалыпты. Сенбілік кезінде барлық коммуналдық мекемелерге жауапкершілік жүктелмек.
Қаланы қоқыстан арылту жұмыстарына 25 щеткалы трактор, 14 щеткалы су бүркейтін және тиеп шығаруға арналған 15 техника жұмылдырылады. Бұған қоса мердігерлердің өздері де 10-15 көлігін сайлап отыр.