KZ
Өскемен
+2°
небольшая облачность жел 0,4 м/с, СБ
478.16 534.92 5.18

Аудандарда тірек ауылдарын дамытуға қатысты қомақты жобалар жоқ, олардың көпшілігі «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының аясында мал алумен шектеледі

25.02.2013, 18:00 195


Шығыс Қазақстан облысы тірек ауылдарын дамытудың үшжылдық бағдарламасының қанатқақты 2012 жылын табысты аяқтады. Өткен жылы 14 шағын наубайхана, 54 сауда және қызмет көрсету нысаны салынып, іске қосылды. 19 мектеп пен 5 клубта жөндеу жұмыстары жүргізілді, 56 көше жарықтандырылып, 23 жол жөнделді, 29 саябақ абаттандырылды және 36 спорт нысаны орнатылды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Бұл жөнінде тілшімізге облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бастығы Елена Ясинская мәлімдеді.

Дегенмен кемшіліктер де бар көрінеді. Сала басшысының айтуынша, жоспарланған 822 жобаның тек 683-і ғана толық көлемде орындалған, 139 жоба әлі қолға алынбапты.

«Тірек елді мекендерін дамыту бағдарламасының тағы бір мақсаты қосымша жұмыс көздерін ашу болатын. Алайда жыл қорытындысы бойынша межеленген 3490 жұмыс орнының 3238-і ғана құрылды» - дейді облыстың бас экономисі.

Десек те, қала мен аудан әкімдері жүзеге аспай қалған әр жоба бойынша оның іске аспай қалуының салмақты дәйектерін келтіреді.

Тірек ауылдарын дамытудың биылға арналған кешенді жоспары бойынша ауыл шаруашылық саласында 782 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 8,8 млрд. теңгенің 323 жобасы бекітілген.

Аталмыш жобалардың арқасында облыста 2 асыл тұқымды мал шаруашылығын, 29 бордақылау алаңын, 3 сервисті-әзірлеу орталығын, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін 26 цех, 8 шағын тауық фермасын, 5 көкөніс сақтайтын қойма, 11 сүт өнімдері фермасын, 12 ветеринарлық дәріхана, 6 жылыжай, 5 жүн мен тері қабылдайтын пукт ашу көзделген.

Бірақ Абай, Аягөз, Бородулиха, Глубокое, Жарма, Зайсан, Зырян, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай, Ұлан аудандарының кейбір ауылдарында қомақты жобалар жоқ. Е.Ясинская мәлім еткендей, олардың көпшілігі «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының аясында мал алумен шектеледі.

«Көзделген инвестициялық жобаларды жүзеге асыру тірек ауылдарының экономикалық-әлеуметтік жағдайын оңалдыруға, демографиялық ахуалды, ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді. Алдағы жылдары қаржыландыру көлемін ұлғайтқымыз келсе, ірі инвестициялық жобаларды көбейткен дұрыс» деді Елена Ясинская.

Айна Ескенқызы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив