«Заман – терек, адам – оның бұтағы» дегендей, әр кезең өз заңын ұсынады. Бүгінгі ұрпақ үшін бір тіл емес, бірнеше тіл білу сондықтан да ерекше қажет болып отыр. Ал көп тіл білген адамның ғана өрісі кең, алды ашық боларын уақыт деген ұлы төрешінің өзі айқын көрсетіп келе жатқанын саналы жанның бәрі баяғыда-ақ түйсінген болар деп ойлаймыз, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Осындай көп тілді меңгеруді мақсат еткен сегіз жас жақында облыстық деңгейде өткен «Тілдарын-2012» олимпиадасында бақтарын сынаған. Облысымыздың Бородулиха, Зырян, Ұлан, Глубокое және Аягөз аудандары мен Өскемен, Риддер және Курчатов қалаларынан келген 18 бен 30-дың арасындағы қыздар қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде тұсаукесер, эссе жазу, баспасөз мәслихатын өткізу және берілген мәтінге ілеспе аударма жасау сияқты шарттар бойынша сынға түсті.
Алғыр адам алғашқы бәсекеде-ақ айқындалатыны рас екен. Әп біссімілләсі қазақ тілін білу бойынша басталған бірінші «Тіл – татулық тірегі» атты турда еш кібіртіктемей, көсіле баяндағандар бірнешеу болған. Әсіресе, бірінші болып, ел алдына шыққан Риддердегі №3 мектептің ағылшын тілі мұғалімі Жансая Қалманбетова өз тұсаукесерін «Әркімнің өз тілі тірлік үшін керек болса, мемлекеттік тіл бірлік үшін керек» деп бастап, бәрінен де ана тілді терең меңгеру қажеттігін әдемі жеткізді. «Өз иті әлсіз ауылға өзге ауылдың иті үргіш келеді» деген сынды, сөз ләмін өз ана тілімізді басқа емес, алдымен өзіміз құрметтеуге міндеттіміз дегенге сайған ол негізгі мақсатын еркін жеткізген. Екінші болып, Курчатовтағы №1 мектептің мұғалімі Әсем Дәулеткелдиева дауысының ашықтығымен баурап алды. Әр сөзін саңқылдай жеткізген оның бойынан бір ерен жігерлілікті байқағанбыз. Ертеңгі күніне асыл мұратпен ұмтылған бүгінгінің білімді жасы осындай-ақ болар!
Одан әрі қарай кезегімен ортаға шақырылған қыздар бірінің олқылығын бірі толтырғандай, қазақтың бай тілінен бапты мақал-мәтелдер келтіре көсілген. Тек ұландық Жарқын Омарованың ғана қазақшасы шолақтау қайырыммен шығып, көңілде бір «әттеген-айдың» көлеңкесін қалдырып кеткені бар. Қуантқаны бар, жұбатқаны бар алты үміткер өзі дайындап келген дүниесін жеткізген соң жетінші болып, барын танытпаққа ел алдына шыққан аягөздік Мөлдір Мұстафина өзгеше ізденімпаз екенін танытты. Ол тіл туралы немесе өз қызметінің барысы жайында жай баяндауды жөн көрмей, арнайы даярлап әкелген түрлі-түсті кірпіш-қалыптарынан алдымен «мынау ұлттар бірлігі, мынау салт-дәстүр сабақтастығы, ал мыналар болса, тіл мен елге деген құрмет» деп, үйдің іргетасын қалап шықты да, «үш тұғырлы тіл, әр халықтың ұлттық орта-лықтары, Достық үйлері және Тіл туралы Заң» деп, төрт діңгегін қойды.
Сонымен «Тілдің үш тұғырлылығы» атты мемлекеттік бағдарлама аясында осымен бесінші мәрте өткізіліп, таңғы 10-нан қас қарайғанға дейін созылған облыстық сайыс өз жүйріктерін анықтады. «Көп тіл білген адам озады» демекші, туған тілімен қатар ағылшын және орыс тілдерінде еркін сөйлеп, барлық тапсырманы жақсы орындап шыққан риддерлік Жансая Қалманбетова жүлделі үшінші орынға тұрақтаса, Бородулиха ауданы, Жезкент орта мектебінің мұғалімі Еңлік Құндызбаева ІІ және Өскеменнің намысын жыртқан Ақмарал Жұмақанова І орынды иеленді. Ал а дегеннен-ақ озық екенін таныта білген Аягөз ауданы, Ж.Жабаев орта мектебінің мұғалімі Мөлдір Мұстафина ешқандай даусыз бас жүлдені қанжығасына байлап, алдағы қараша айында Қызылорда қаласында өтетін республикалық олимпиадаға жолдама алды. Оның сол үш тұғырлы тіл бәсекесінен де абыроймен оралатынына сенімдіміз. Өйткені, шын білімпазға тек биіктер ғана бағынады!