KZ
Өскемен
+19°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
480.11 532.25 5.14

Шығыс Қазақстада педагогтерді ұстаздар мерекесімен құттықтады

3.10.2012, 18:00 339


Барша жұртты ілім-білімнің құдіретіне жетелейтін ұстаздардың дәстүрлі мерекесі биыл Өскемендегі «Алтай» технопаркінде ерекше салтанатпен атап өтілді. Оған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ арнайы қатысып, ардагер-ұстаздарды, педагогика саласындағы жаңашылдар мен жас мұғалімдерді құттықтады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

«Ұстаз деген – ұлылық» атты мерекелік кештің шымылдығын сұлу қыздар мен көркем жігіттер бал биімен ашысымен-ақ салтанаттың сәні кіре берген. Әсіресе, аймақ басшысының ұстаздарға арнап сөйлеген сөзі жас һәм жасамыс ұстаздар қауымын бір серпілткендей болды.

– Тәлім-тәрбие анадан, оқу-білім ұстаздан берілетіні белгілі. Сондықтан сіздер, қадірлі мұғалімдер, әр адам үшін ата-анадан кейінгі ең аяулы адамдар болып саналасыздар. Ұстаз болашақтың азаматтарын, қай кезде де қоғамды алға бастыратын, бәсекеге қабілетті ұрпақты тәрбиелеп шығарады. Мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ білім саласын дамытуға ерекше көңіл бөлетініне өздеріңіз де куә болып келе жатқандарыңызға мен сенімдімін.

Мәселен, биылғы оқу жылында ғана өңірімізде жеті бірдей мектеп есігін айқара ашты. Ал жыл соңына қарай тағы 12 мектеп пайдалануға берілмекші. Жалпы келесі жылы өңіріміздегі барлық апатты мектептерді жою басты міндетіміз болып отыр, – деген Бердібек Сапарбаев мерекеге жиналған барлық білім бастауында тұрған жандарға зор денсаулық, озық ой және баянды ғұмыр тілеп, дарынды балалар тәрбиелеулеріне тілектестік білдірді.

Одан кейін салтанаттың ең бір жарқын сәті – жас ұрпақ тәрбиелеуде алдан көрініп жүрген ұстаздарды марапаттау басталған. Аймақ басшысы алдымен СЕО СИВЕКОНЫҢ (Румыния) халықаралық сыйлығы – Құрмет грамотасын Өскемендегі №3 кешкі мектебінің математика және информатика пәнінің мұғалімі Тілек Иіспаевқа тапсырды. Ал білім берудегі жоғары кәсібилігі, өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен оқытудағы жемісті еңбегі үшін облыс аудандарының 12 мұғалімі облыс Әкімінің грамоталарымен марапатталды. Атап айтар болсақ, олар – бородулихалық Анаргүл Бохаева, шемонайхалық Борис Иванов, жармалық Үміт Ілиясова, Аягөздегі Ақши орта мектебінің мұғалімі Айгүл Мұхаметжанова, Ұлан ауданы, Украинка мектебінің мұғалімі Галина Нарыжнева, Бесқарағай ауданындағы Үлкен Владимировка мектебінің мұғалімі Зәуреш Сәбитова, Зайсан ауданы, Шілікті орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлмира Сағиева, үржарлық Бауыржан Сейітқанов, риддерлік Жанна Тайғұлова, көкпектілік Бәтемқан Тоқышева, Күршім ауданындағы Бірлік орталау мектебінің директоры Еділ Тұрғанбаев және Глубокое ауданы, Белоусовка мектебінің мұғалімі Любовь Юркова.

12 бірдей бетке ұстар бұл ұстаздардан соң іле-шала ел алдына шыққан облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Думанғазы Арғынғазин мен Өскемен қалалық білім бөлімінің бастығы Александр Кузнецов облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қолынан Білім және ғылым министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің Алғыс хатын алып, мерейленді.

Осы тұста «Жақсы оқушы ғана басшы бола алады» деген Жүсіп Баласағұнның өсиетті сөзінің дәлеліндей, тамаша көрініс көрсетілген. Ол аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ мектептегі кезі туралы арнайы слайд арқылы сөйлеген оның сынып жетекшісі Исахан Жолтаевтың сөзі еді. «Бердібек мектепте оқып жүргенде-ақ білімге деген ерекше қабілеттілігімен ерекшеленетін. Ол әсіресе, өзімен бірге оқитын сыныптастарына өткен сабақ бойынша сұрақ қоятын еді. Оның бұл өткенді ұмытпауды негіз еткен ұсыныс-пікірі кейінде де кеңінен қалыптасып, әлі күнге дейін жалғасып келеді. Өрелі болуды мақсат еткен сол бала-Бердібектің ел азаматы болғанын біз әрдайым мақтан етіп, балалардың терең білім алуына негіздеп келеміз» деп бүгінгі Әкімнің мектептегі ұмтылысын айрықша атаған ұстаз әңгімесі мерекеге жиналған мұғалім атаулыға, әсіресе, ұстаздық жолын енді бастаған жастарға ерекше үлгі болып, үлкен ой салғаны даусыз. Соның бір белгісіндей, жас мұғалімдер кеш барысында дәл осы бір бейне-көрсетілімнен әсерленгендерін айтып жатты.

– Мен Алматының түбіндегі Есік қаласындағы педучилищені үздік бітірген соң осы мектепке келіп, содан бері міне, 31 жыл бойы бастауыш сыныптарға сабақ беріп келемін. Арадағы уақытта он рет түлек ұшырдым. Бүгінгідей тамаша мереке ұйымдастыруға ұйтқы, бастамашы болған облыс Әкіміне алғысым шексіз. Ұстаз еңбегі өлшеуі жоқ еңбек қой. Осындай мәртебелі шаралар әр балаға бойындағы бар дарынын беретін мұғалімдер қауымына өте қажет, – дейді Аягөз ауданының Ақши мектебінен келіп, облыс басшысының қолынан марапат көрген Айгүл Мұхаметжанова ағынан жарыла.

Әр балаға білім беріп қана қоймай, оларды әсемдікке, туған Отанды сүюге баулитын мұғалімдер мерекесінде сонымен қатар әр аудандағы, атап айтқанда, Күршімдегі Қ.Нұрғалиевтың, Зайсандағы У.Кемелбаевтың, Тарба-ғатайдағы Қ.Бітібаеваның және Көкпектідегі Ы.Айжақсиннің ұстаздық жолын қуған ізбасарларына неліктен осы жолды таңдағандары турасында сауалдар берілуі тіптен танымды еді. Әр династияның мүшелерінің сөздері әсем әнмен, күмбірлеген күймен және тамаша бимен өріліп отырды. Олардан жас ұстаздар да қалысқан жоқ. Соның белгісіндей салмақты сөз саптаған жармалық Қайырғазы Майтұрсын өзі қатарлы әр жасқа арнап келелі ойлар айтты.

Өзге жылдардағыдан өзгеше сипатта өткен мұғалімдердің осынау жұлдызды мерекесі облыстық білім басқармасының бастығы Мәдениет Ахметованың барлық ұстаздарды қызу құттықтаған ізгі тілекті құттықтауынан кейін ерекше бал кешіне ұласты.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив