KZ
Өскемен
-1°
переменная облачность жел 1 м/с, С
492.22 529.38 5.03

Бошай атаның Өскеменде бесінші кітабының тұсауы кесілді

14.09.2012, 18:00 161


Қартын сыйлаған халықпыз ғой. Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада осы дәстүріміздің тағы бір озық үлгісін көрсеттік. Болмысы бөлек Бошай Кітапбаевтың «Айта-айта Алтайды, Бошай ата қартайды» атты бесінші кітабының тұсауы кесілді. Абыз ақсақалдың кешіне облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ арнайы келіп, қазыналы қартқа құрмет көрсетті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Өңіріміздегі зиялы қауым өкілдері, кітап иесінің туыс-туғандары, жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ мектеп оқушылары жиылған салтанатты шараның тізгінін ұстаған облыстық «Дидар» газетінің редакторы Уәлихан Тоқпатаев тоқсанға иек артып қалған ақсақалдың өмір жолы мен ерен еңбегіне аз-кем тоқталып өтті.

Қолына қару алып, қан майданға кірген Шығыстың жаужүрек ұлы Отан қорғау жолына бір аяғын беріп ардагер атанды. Еліне оралған соң төгілген қанын бұлдап жатпай миллионер колхоздың бастығы болды. Социалистік Еңбек Ері атанды. Экономика ғылымдарының кандидаты болды. Ат баптап, аламанға қосты. Ер еңбегіне сүйінген заманының заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов «Бошай-дың үш қарасын» жазды. Көкірегіне көнеден сыр сақтаған қария, қару һәм қамшымен қатар қолынан қаламын да тастамаған. Оған дәлел – қара ормандай қаптаған Қаратай шежіресінен тартып, қабырғалы қазақтың тарихына қалам сермеген кітаптары ойлы оқырманның қолында жүр. Ұрпаққа ұлағат боларлық осындай еңбектерінің арқасында өткен жылы «Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы» деген атқа ие болды.

Бошай аға, құдай берген қажырлы қасиетіңіз бойыңыздан ажырамасын. Ең бастысы, денсаулығыңыз мықты болсын. Сіз сияқты ақсақалдар арамызда аз. Сондықтан Сіз кіндік қаныңыз тамған осы ортада жүре беріңіз. Кітабыңыздың тұсаукесері құтты болсын.

Кеш барысында алтын кеуде ақсақал-дың өкшесін басып қалған інілері Ертай Жалбағаев, Аманкелді Қажыбаев, Мүсілім Құмарбекұлы сынды белгілі адамдар өткен күндерден сыр шертсе, жас буын өкілі Серік Жүнісов сынды жігіттер абызға деген аппақ тілектерін арнады.

«Баяғыда бір шал «Сексен деген келді ғой қалжыратып, кімге ақыл айтамын алжып жатып» деп мұңайған көрінеді. Бірақ Бошекең сексен тұрмақ, тоқсанында кітап шығарып жатыр. Бұл ақсақалдың қажыр-қайратының, ел жұртына қадір-қасиетінің бар екенін көрсетеді» деді сөз кезегінде қаламгер Мүсілім Құмарбекұлы.

Қазақтың ғасырда бір туатын ұлы Дінмұхамед Қонаев сынды тұлғалармен жақын достығы жайында, еліміздің дамуына үлес қосқан зиялы қауым өкілдері жөнінде сыр шертетін жаңа кітаптың тұсаукесер салтанатында автор кешке келген елге ризашылығын былай жеткіз-
ді.

Айта кетейік, шара барысында шыңға біткен шынардай қайсар қазақтың тағлым-ды өмірінен сыр шертетін «Алтайдың қайсар ұланы» атты кітап көрмесі де ашылды. Онда Бошай атаның әр жылдары жазылған кітаптары мен басқа қаламгерлердің осы кісі туралы жазған шығармалары қамтылған екен.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив