KZ
Өскемен
+4°
ясно жел 2 м/с, З
478.16 534.92 5.18

Қамқорлықты да қате түсінетіндер бар

24.08.2012, 18:00 108


Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Ольга Кузовлева баспасөз мәслихатын өткізді. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне аймақтағы әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асу барысы мен халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі жөнінде баяндаған басқарма бастығы тілшілердің сұрақтарына да жауап берді.

Басқарманың негізгі қызмет аясы жөнінде әңгіме өрбіте келіп, Ольга Кузовлева бүгінгі таңдағы бұл саланың ең ауқымды жобалары халықты жұмыспен қамтуға бағытталып отырғанын жеткізді. Ол осы мақсатқа бағытталған «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының төрт бағыты бойынша атқарылған жұмыстарды да тілге тиек етті.

– Облыста 5307 жұмыссыз адам бар. Бұл – тек ресми мәлімет. Ел арасында өзінің жұмыссыз жүргеніне ұялып, оны жария етуден арланатын адамдар әлі де баршылық, – дейді О.Кузовлева.

Ауқымды бағдарламаның шағын несиелендіру бағыты бойынша әуелде туындаған кедергілерден өтудің жолын бірінші болып біздің облыс тапқанын да атап өтті ол. Көптеген несие алуға ниетті жандардың жобасы ақылға қонымды болғанымен, кепілдікке қоятын мүлкінің болмауы қолбайлау болған кезде несиелік серіктестіктер құру тәжірибесі қолданысқа енгізілген. Кейін бұл тәжірибе Үкіметтің де қызығушылығын туғызып, бүкіл республика-ға таратылған екен. Облыс бойынша әзірге құрылған 123 несиелік серіктестікте 800 үлескер шағын несие арқылы өз кәсібін өрістетуге мүмкіндік тауып отыр.

Бағдарламаның екінші бағытында орын алған өзгерістер жөнінде хабар берген басқарма бастығы екі күн бұрын ғана бағдарлама аясында биылғы мектеп түлектерін орта буын мамандықтарына оқытуға рұқсат берілгенін жеткізді. Осыған дейін мұндай қадамнан аяғын тартып келген министрліктегілер жоғары оқу орнына түсе алмаған түлектерге екінші рет талпыныс жасауға мүмкіндік беріп отыр. Бүгінгі таңдағы қат мамандықтарды игергісі келген түлектерге 29 тамызға дейін жұмыспен қамту орталықтарына хабарласып, қажетті құжаттарын ұсыну қажет.

Бағдарламаның үшінші, яғни, келешегі күмәнді елді мекендерден әлеуметтік-экономикалық ахуалы тұрақты аудандарға көшіру бағыты бойынша Зырян қаласында республика бюджетінен осы мақсатпен қо-ныс аударушыларға арналып тұрғын үй салынуда. Ольга Кузовлеваның айтуынша, мұндай үйлерді қоныс аударушылар жалда-малы баспана ретінде пайдалана алады. Төлемақысы да әдеттегі бағадан төмен болмақ.

Бағдарламаның төртінші бағыты тек біздің облыста ғана жалғасын тауып жатқан «Жол картасы» бағдарламасын әрі қарай жалғастыруға икемделгенін айтады О.Кузовлева. Бұл бағыт сонымен бірге тірек ауылдарды түлетуге де бағытталып отыр. Яғни, бұл бағытқа берілген қаржы «Жол картасы» бағдарламасының аясында тірек ауылдардағы әлеуметтік-мәдени нысандарды қалпына келтіріп, жаңалауға бағытталуда. Биылдың өзінде осы мақсатқа бір миллиардқа жуық қаржы қарастырылған екен.

Ольга Кузовлева сондай-ақ, мекенжай көмегі, тұрғын үй көмегі сынды жобалар да жүйелі түрде жүзеге асып, тұрмысы төмен жандарға киім-кешек пен азық-түлік тарататын бекеттер ашылғанын атап өтті.
Облыста бар медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметі мен жағдайы жөнінде ақпарат берген ол жүйке ауруынан зардап шегушілердің кезегі күн санап артып келе жатқанын жасырмады. Алайда жердің шалғайлығына байланысты Тарбағатай ау-данының Ақжар ауылындағы дәл осындай мекемеге сұраныс бола бермейтін көрінеді.
Еліне еңбегі сіңген ардагерлерді коммуналдық төлемдерден босатуға қаржы табылғанымен заңнама қолбайлау болып отырғаны да айтылды. Ал экологиялық зейнеткерлік жобасы Үкіметке де, заң шығару орындарына да ұсынылған. Әзірге бұл екі мәселе де үкіметтік деңгейде саралануда.

Тындырылған істерді тізіп шыққан басқарма бастығы жұмыс барысында туындайтын қиындықтар мен кейбір қайшылықтарға да тоқталды. Қамқорлықта-ғы адамдарға зейнетақы төлеу, әлеуметтік қызметкерлердің міндетін дұрыс түсінбеу салдарынан болатын келеңсіздіктер жайы да айтылды. Сөз соңында Ольга Кузовлева әрбір істің тұрмыстық һәм адамгершілік жағын теңдей ескере әрекет еткенде ғана аталған қайшылықтардың шешімі табылатынын атап өтті.




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив