KZ
Өскемен
+11°
пасмурно жел 4 м/с, З
441.44 473.09 4.75

Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед қоғамдық құрылым өкілдерімен кездесті

22.08.2012, 18:00 133


Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед кеше Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 5-ші оқу корпусында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты стратегиялық мақаласына орай Өскемен қаласының қоғамдық құрылым өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Кездесуді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ашты.
– Құрметті әріптестер! Сіздердің алда-рыңызда сөз сөйлеу мен үшін әрқашан құрмет. Өйткені, мен де дәл өздеріңіз сияқты әлеуметтік саладан шыққанмын. Бұл сала маған әрдайым жақын, – деп бастады сөзін Мұхтар Құл-Мұхаммед. – Елбасымыз маған Қазақстанды әлеуметтік модернизациялау саласында атқарылып жатқан жұмыстар-дың бір бөлігін қадағалауды тапсырған болатын. Сол себепті қазір Қазақстанның аймақтарында қандай жұмыстар атқарылып жатыр, Президентіміздің Жолдауларынан, одан кейінгі стратегиялық мақаласынан туындайтын мақсат-міндеттер қалай жүзеге асырылуда және біздің Кеңес Одағынан қалған өте бір проблемалы мұрамыз – тағдыры, әлеуметтік дамуы сондағы бір ғана кәсіпорынға байланып қалған шағын өндірістік қалалардың әлеуметтік жағдайы қалай және оның экономикалық ахуалы нешік? деген сияқты мәселелердің орындалуын байқап қайту үшін Шығыс Қазақстанға келіп отырмын.
Бұдан әрі соңғы үш жылда біздің облысымыздың бюджеті екі жарым есе өскенін, солайша бүгінде ол 210 миллиард теңгені құрап отырғанын тілге тиек еткен Мемлекеттік хатшы Елбасы бұрынғы
Семей және Шығыс Қазақстан сынды екі үлкен облыстан тұратын аймаққа ерекше көңіл бөлетінін атап өтіп, бұл көзқарас аймақ өнеркәсібінің қарқынды дамуымен, оның ішінде тау-кен өндірісі ғана емес, өңдеу секторына да байланысты екенін жеткізді. Бүгінде облыстың ішкі аймақтық өнімі бір триллион бес жүз миллиард теңгені құрайды.
– Бұл жиында ғалымдар, саясаткерлер мен әлеуметтік саланың адамдары бас қосып отырсыздар, сондықтан бәріңіз де 1997 жылы қазан айында Президентіміз ел халқына алғашқы Жолдауын арнағанын жақсы білесіздер. Біз биыл осынау елеулі оқиғаның 15 жылдығын атап өтпек-піз. Еңбекақы мен зейнетақы уақтылы төленбей, халық күйзелген сол кездің өзінде-ақ біздің Елбасы Қазақстанның 33 жылдық болашағын көріп, болжаған болатын. Өзінің сол оптимистік болжам-дарында Президент салиқалы байламдар
жасады. Оны бір кездері сенімсіздікпен қараған көптеген адамдармен қатар талай елдер де мойындап отыр, – деп айқындай сөйлеген Мемлекеттік хатшы Жолдау деген сөздің түп-төркіні қайдан шыққаны, оның маңызы немен бағаланатыны жайындағы танымдық ойларын ортаға салды. – Біз
Малайзия, Сингапур, Түркия немесе Батыс Еуропа сынды өте дамыған елдердің тәжірибесін үйренсек те, ешқашан толық көшіріп алған емеспіз. Бұл бағдарлар Елбасының «Қазақстандық жол» атты кітабында баянды бағамдалғанын өздеріңіз білесіздер.
Осыларды жатық тілмен жеткізген Мемлекеттік хатшы Елбасының 2005 жылы Қазақстан халқына жолдаған «Жеделдетілген әлеуметтік-экономикалық және саяси модернизациялау жолындағы Қазақстан» атты Жолдауына ерекше тоқталып, бүгінде бұл үш бағыттың да толық орындалғанын атап өтті, Қазақстан атты үлкен ордамыздағы ұлтаралық түсіністік туралы тарата әңгімеледі. Сонымен қатар Шығыс Қазақстанда «100 мектеп,100 аурухана» бағдарламасының аясында 37 мектеп пен 12 аурухана салынуында ел басқаруда ерекше талантымен танылған Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ еңбегі зор екенін де бөле-жара жеткізді.
– Жалпы, мені Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі өте қуантып отыр. Сол себепті мен осы өңірдегі іссапарымды үлкен ризашылықпен ары қа-рай жалғастырайын деп отырмын, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед кездесудегі сөзінің соңында.
Мемлекеттік хатшыдан кейін сөз алған Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің профессоры Лилия Столярова бүгінгі сөз ерекше идеология, еңбек адамының еңбегін бағалау идеологиясы туралы екенін айтып, нақты мысалдар келтірді.
– Мемлекеттің алға басуы жеке адамнан құралған ұжымдардың өзара түсіністік қа-рым-қатынаста болуы мен еселі еңбек етуі-не тікелей байланысты. Біздің Президентіміз өзінің «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында бұл қағидаттардың пәрменділігі мен өзектілігін ерекше атап өткен, – деді ол.

Ал «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша Көкпекті ауданына қызметке барып, еңбек етіп жүрген Думан Ержанұлы өзі сынды жастарды ауылды көркейтуге атсалысуға шақырып, қызметіндегі игіліктерді баяндады.

– Біз жұбайым екеуміз Көкпекті аудандық №1 медициналық бірлестікте дәрігер болып жұмыс істеудеміз. Екеумізге бір миллион теңге шамасында әлеуметтік көтермеақы берілді. Екі бөлмелі пәтерге ие болдық және мамандықты жетілдіру курсынан өттік. Біз жалғыз емеспіз, біз сияқты көптеген жастар ауылдарға аттануда. Қазір менің бойымда «елге тиянақты еңбек етсем» деген мақсат пен болашаққа деген үлкен сенім пайда болды, - деді ол. – «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» деп Елбасымыз айтқандай, мен жалынды замандастарымның туған ауылдарына бет алғанын қалар едім.

Айта кетейік, Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед мешіттің ашылу салтанатына қатыспас бұрын Өскемендегі сол жағалау саябақ кешенін аралады.
Отты жылдардан әсер берер әскери техникаларды көріп, музыканттар аллеясында сыршыл сазға құлақ түрген Мемлекеттік хатшы келмеске кеткен кеңес көсемдерінің ескерткіштері шоғырланған жерде аз-кем аялдап, жаңа мешіттің ашылуына келген зиялы қауыммен пікір алмасып, алған әсерімен бөлісті.
Абай ескерткішіне облыс орталығының қақ төрінен орын беру ерлікке пара-пар іс екенін атап өткен Мемлекеттік хатшы мұндағы ескерткіштерге қарап, өткен күндердің қателіктерінен сабақ алуға болады деген ой айтты.

Этноауылдың ән мен жырға толы шадыман тіршілігімен танысып, әртүрлі ұлттың тағамынан дәм татқаннан кейін ол Астана күніне орай ашылған қайық стансасын көрді, жуықта ғана қолданысқа берілген балалар қалашығын аралады. Алдар Көсе мен Шығайбай, Керқұла атты Кендебай мен Күнікей қыз, Күлмес ханша сынды түрлі ертегі кейіпкерлері мұнда келгендерді қиял әлеміне жетелейді. Аумағы 42 гектар кешенді бастан-аяқ аралап шыққан Мемлекеттік хатшы сөз арасында кешеннің жұмысына көңілі толғанын атап өтті.




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив