KZ
Өскемен
+23°
переменная облачность жел 4 м/с, В
478.93 534.96 5.16

Жаңа үйдің төбесінен су сорғалап тұр

13.03.2012, 18:00 112


Өткен жылдың наурыз айында Өскемендегі Металлургтер кенті, Молдағұлова көшесіндегі 15-ші үйден даңғарадай 3 бөлмелі пәтер алған Қалибековтер отбасының қуанышы ұзаққа созылмады. Мансардалық типте салынған 5-ші қабаттың тұрғындары қазір төбелерінен сорғалаған судың астында күн кешуде.

Бұл үйлердің еденіне сырмақ салынбаға-лы қашан. Су тисе бүлінетін дүниенің бәрі тең-тең болып, буылып-түйіліп бұрышта тұр. Жататын төсек орындарының үстіне күндіз міндетті түрде целофан жауып қояды және ол целофанды түнде ұйықтағанда көрпелерінің сыртынан жамылып жатады. Әйтпесе таңға дейін көрпе-мөрпеңмен қоса шылқылдап қалуың мүмкін. Балаларының алды мектепке де бара қоймаған жас отбасылардың әбден берекесі кеткен. Жерде шашылған қызыл-жасыл дүниелер, балалардың ойыншықтары емес, төбеден тамшылайтын суды тосып алуға қойылған шұңғыл ыдыстар.
– Біз бұл үйде қаңтар, ақпан айларында тұра алған жоқпыз, тұруға мүмкіндік болған жоқ. Егер бұл үйді «баспана» деп атауға келетін болса, баспанамыз бола тұра қыс бойы бала-шағамызбен көшіп жүрдік. Себебі, мұнда қыста қырау, ал көктемде, яғни, қазір жаңбыр жауып тұрады, – дейді Арман Қалибеков. – Ай сайынғы төлейтініміз 48 мың теңге, оны 22 жыл бойы төлейміз.
Әу баста баспана қорлығы әбден өткен жастар үшін бұл үйсымақ хан сарайындай көрінген екен. Біреуі жетекте, біреуі құндақтағы бала-шағасымен пәтерден пәтер жалдап шұбырған жас отбасылар үшін таңдаудың да болмайтыны анық. Үй иесі Арманның айтуына қарағанда, техникалық құжатта бұл пәтер кірпіштен салынған деп жазылыпты. Төбесі гипсокартонмен жабылғандықтан, шатырдан ағатын су әдеттегідей бетонның арасынан саңылау да іздемеген. Су ылжыраған гипсокартонның қай жерінен болса, сол жерінен тамшылауда. Құрылысты жүргізген мердігерлердің салғырттығына күйінген тұрғындар тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамдастығына шағынуда. Бірақ ол жақтан әлі тек «тосыңдар» деген ғана жауап келгенге ұқсайды. 5 миллион 322 мың теңгеге сатып алынған құрылысы мандымаған мансарды пәтердің тұрғындары, айдың-күннің аманында осындай қорлық көріп отыр. Тіпті құрылысты жүргізген мердігер «ОМКО» ЖШС-нің басшысы Владимир Ляпуновтың өзі бұл үйдің тұрғындарына баспана жобасының дұрыс жасалмағанын ашық айтыпты. Үй тұрғыны Жадыра Советханқызы болса, тамшылап тұрған судан емес, су тамшылап тұрған төбеден қорқады екен. Себебі төбеге тартылған арзан гипсокартонға әбден су сіңіп, ауыр тартып тұр. Жаман айтпай жақсы жоқ, ертең төбе опырылып құлайтын болса, бөлмеде алаңсыз асыр салып жүрген қарадомалақтары жараланып қалуы мүмкін. Осы үйдің тұрғыны Шалқар Ырысханов та пәтерді алғаннан бері қорлық көріп келе жатқанын айтты. Үйдің ішінде ауа жоқ, себебі, су сіңген гипс көгеріп, жағымсыз иіс шығарып, тынысты тарылтып тұр, ал балаларға тіпті обал.
Үйлерінің ішінде қолшатыр ұстаған тұрғындар тығырыққа тірелуде. Олар енді істі сотқа беріп, жауапсыз мердігерлердің сапасыз жұмысын сынға алмақшы.


Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив