«Торпедоның» он алтыншы жеңілісі
Жоғары хоккей лигасы тұрақты чемпионатының 28-ші турында Өскеменде қытайлық «Ценг Тоу» командасын қабылдаған «Торпедо» қарсыласына 2:4 есебімен жол беріп қойды.
Жалпы, аталған матчта Цзилинь қаласынан келген хоккейшілер торпедолықтарға қарағанда айдында анағұрлым ширақ қимылдады. Сол себепті, олардың жеңіске жетуін заңдылық деп те айтуға болады. Бір ғана мысал, бұл кездесуде қонақтар айдын иелеріне қарағанда қарсылас қақпасына шамамен екі есе көп соққы бағыттаған («Торпедода» – 33, «Ценг Тоуда» – 56).
Айта кетейік, матч барысында өскемендік хоккейшілер екі рет ұтылып жатып, таразы басын теңестіре білді. Шайбаларды шабуылшылар Евгений Рымарев пен Аркадий Шестаков соқты. Алайда, бұл күні қонақтар дегендеріне жетпей қоймады, ойынның аяқталуын екі минуттай қалғандай үшінші рет есепте алға шыққан цзилиньдіктер, артынша «Торпедо» қақпасынан тағы бір мәрте саңылау тауып, кездесудің нүктесін қойды: 2:4.
Осылайша, торпедолықтардың биылғы маусымдағы 16-шы жеңілісі тіркелді. Артта біріншіліктің 29 туры қалғанын ескерсек, Мисхат Фахрутдинов шәкірттері әрбір екінші кездесуде жеңілуде деген қорытынды шығаруға болады. Қазір қоржынында 29 ұпайы бар өскемендік ұжым турнир кестесінің 14-ші сатысында орналасуда.
Келесі кездесуін жерлестеріміз өз айдынында Чехов қаласының «Звезда» командасымен өткізеді. Аталмыш ойын 30 қараша, жұма күні кешкі сағат 18:30-да басталмақ.