KZ
Өскемен
-2°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
495.95 524.37 4.98

"Алтай" ел кубогын қатарынан екінші рет жеңіп алды

1.11.2018, 14:44 158


«Алтайдың» арулары қатарынан екінші рет ел кубогінің жеңімпаздары атанды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Өскеменді апта бойы дүбірге бөлеген волейболдан қыздар командалары арасындағы Қазақстан кубогында жерлестерімізге тең келер ешкім болмады. «Алтайдың» алтын қыздарын алғашқылардың бірі болып облыс әкімі Даниал Ахметов құттықтады.


Жекпе-жек сарайында өткен финалдық ойынды трибунаға лық толған қалың жанкүйермен бірге аймақ басшысы арнайы тамашалап отырғаннан кейін, жергілікті команда барын салып ойнағаны хақ. Десек те, біздің қыздардың бұл жолғы қарсыластары талдықорғандық «Жетісу» волейболшылары да осал еместігін дәлелдеді. Төрт партияға созылған кездесу 3:1 есебімен жерлестеріміздің пайдасына аяқталды.


Ал қола жүлде үшін болған матчта тағы бір шығысқазақстандық ұжым – «Алтай 2» командасын тізе бүктірген Павлодардың «Ертіс-Қазхром» командасына бұйырды.


– Бұл тек қана ойыншылардың емес, бүкіл облыс жұртшылығының жеңісі деп білемін. Барлығыңызды Қазақстан кубогы ойындарының аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын. Болашақта «Алтай» командасын бұдан да зор белестерді бағындырады деп сенеміз. Біз ол үшін спортшыларға барлық жағдайды жасайтын боламыз. «Алтайдың» қыздарын, бапкерлер мен команданың барлық қызметкерлерін тағы бір мәрте бүгінгі жеңіспен құттықтаймын, – деп жылы лебізін білдірді облыс әкімі жарыстың салтанатты жабылуында.


Айта кетейік, жарыстың қорытындысы бойынша «Алтай» сапында команда капитаны Сана Анарқұлова «Үздік ойыншы» аталымына лайық деп танылды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу