«Алтай-2» қыздары былтырғы жетістігін тағы қайталады
«Алтай-2» командасының волейболшы қыздары екінші жыл қатарынан ел кубогі үшін жарыстың жартылай финалында өнер көрсететін болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Өскеменде өтіп жатқан байрақты бәсекенің ширекфиналдық кезеңінде «Астана» командасына қарсылас атанған бұрымдыларымыз 3:2 есебімен жеңіске жетті. Бес партияға созылған бұл ойынның кезеңдері 21:25, 25:23, 25:18, 22:25, 15:10 есептерімен аяқталды. Енді Борис Якимушкиннің шәкірттері, жоғарыда айтылғандай, финалға берілетін жолдама үшін күрес жүргізетін болады.
Әзірге жерлестеріміздің келесі қарсыластары белгісіз. Бір қызығы, жартылай финалда «Алтай-2» командасының жолы «Алтай-1» ұжымымен түйісуі мүмкін.
Айта кетейік, бұл күні ойналған тағы бір ширекфиналдық ойында павлодарлық «Ертіс-Қазхром» «Алматының» тас-талқанын шығарды. Есеп 3:0 (25:15, 25:16, 25:13).