Семейде самбодан Қазақстан кубогі өтті
Семейде самбодан Қабанбай батырдың мемориалдық сайысы өткізіліп, ел Кубогі сарапқа түсті. 19-шы мәрте жалауы желбіреген турнирге Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен 14 облыстан 250-ден аса палуан жиналды.
Дәстүрлі доданың жылма-жыл өрісі кеңейіп, маңыздылығы артып келеді. Бұған елдегі самбо күресінің жолға қойылуы мұрындық болып отыр. Сондай-ақ, ел саңлақтарының жаһандық бәсекелердегі нәтижелеріде көңілге сенім ұялатады. Әйтсе де кейбір спорт түрлерінің жандануымен самбоның тысада қалып қойғаныда жасырын емес. Бұл әуелі ұлттық қазақ күресі, сондай-ақ олимпиадалық дзюдо спортының қарқын алуымен байланысты. Мұны самбо федерациясыда жасырмайды. Оны ілгерілету үшін тиісті жұмыстар қолға алыныпты.
-Бұл 19 жыл бойы үзілмей келе жатқан ірі сайыстардың бірі. Жыл соңы болғанына қарамастан Семейге 16 команда келді. 254 спортшы күш сынасады. Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Араларында әлем және Азия чемпионатының жүлдегерлеріде жетерлік. Осы ретте ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз. Неге десеңіз, кейбір өңірлерде самбоның секциялары жабылып қалған. Өйткені олимпиадалық спорт түріне жатпағандықтан оған көңілде дұрыс бөлінбейді. Бірақта Семейде жағдай басқаша. Мұнда керісінше самбоға ден қойған жастар баршылық. Бұл қуантарлық жағдай. Биыл Джакартада өткен жазғы Азия ойындарында екі самбо шебері алтын алды. Оның біреуі шығысқазақстандық спортшы, - деп атап өтті ҚР самбо федерациясының бас хатшысы Қаймен Есендияров.
Белдесулер 9 салмақта өрбіді. Айта кету керек, ерлер мен бірге қыздар да боз кілемде иық тіресті. Нәтижесінде шығыс саңлақтары келесідей салмақтарда топ жарды. 62 келіде Маратбек Рахметоллин өзінің мықтылығын дәлелдеді. 74 келіде Шалқыбек Рахметоллаевқа тең келер жан табылған жоқ. Сол сияқты 100 келіден жоғары салмақта Ерахмет Хасенов алтыннан алқа тақты. Нәзік жандылардың сапынан тек Зарина Сарипова жоғары нәтижеге жетті. 64 келіде күш сынасқан бұрымды, күміспен күптелді. Осылайша командалық есепте Шығыс құрамасы өзге аймақтардың алдын орады. Тағы бір айта кетерлігі, дәл осы турнирден Шалқар Жоламанов, Зере Бектасқызы, Ерасыл Қажыбаев сынды дарынды палуандар шыңдалып шыққан.