Семей-Қайнар тас жолында монумент ашылды
Шығыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде жарқын іс орын алды. «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының бастамасымен Қайнар-Семей тас жолында бағдар-белгі ескерткіш ашылды.
Биіктігі 7 метрден асатын монументте латын қарпімен «Абыралы өңірі» деген жазу бейнеленген. Ал ескерткіштің дәл ортасында көлемді тақта тас орнатылыпты. Габбро гранит тасында Абыралы өңіріне қарасты елді мекендер, жер-су аттары қашалып көрсетілген. Мұның барлығы бұрынғы ауданның 1934-44, 52, 54-ші жылдардағы карталары арқылы әзірленді. Бұған қоса төменгі жағында теміртаулық металлург Нұрлан Айтмұқашевтің жалынды жырлары жазылған.
-Тасбасқан, Тайлан, Еңбектес және Ұзынбұлақ. Осының барлығы кезінде жүрген жолымыз. Бұл жерде аталарымыздың, әкелереміздің, сондай-ақ ағаларымыздың маңдайының тері, табанының ізі қалды. Оны «Ескі жол» деп жаздық. Саржал арқылы өтетін жолымыз «Қазіргі жол» деп көрсетілген. «Есімханның ескі жолы» демекші, осы картада өшіп кеткен, аты ұмытылған, полигон жерінде қалып қойған ата-бабамыздың жері, солардың молалары, қыстақтары, тұрған үйлері қайтадан жаңғыртылып, жазылған. Бұл келешек ұрпақ үшін атқарылған іс. Жас буын осыған қарап бабаларымыздың тарихына қанығатын болады, - дейді «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының кеңесшісі Сүлеймен Медеуұлы.