Соловьево ауылында су деңгейі төмендеді
Алтай ауданындағы Соловьево ауылында өткен түнде су деңгейі көтеріліп, 24 үйдің аумағына қауіп төнген. Елді мекенге шұғыл түрде облыс әкімі Ермек Көшербаев барып, жағдайды бақылауға алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы жағалауды нығайтып, қарғын суды бұру жұмыстарын жүргізіп жатқан мамандармен және тұрғындармен кездесті. Ауылдықтар эвакуациядан бас тартып, уақытша туған-туыстарының үйіне орналасты.
Екі күн бойы толассыз жауған жаңбыр салдарынан көтерілген су деңгейі қазірде 10-15 сантиметрге төмендеді. Оқиға орнында жергілікті атқарушы орган өкілдері мен төтенше жағдай мамандары кезекшілік атқаруда, сондай-ақ полиция бекеті жұмыс істеп тұр.