KZ
Өскемен
+12°
ясно жел 5 м/с, С
482.86 533.17 5.08

ШҚО-да «ONKO WEEK VKO» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтіп жатыр

3.07.2024, 18:30 53 Айна Ескенқызы

Шығыс Қазақстан облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығы алғаш рет «ONKO WEEK VKO» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтетін алаң ретінде таңдалып алынды.  

3-5 шілде аралығында өтетін шараның шеңберінде шығысқазақстандық онкохирургтар Алматы, Астана, Тбилиси және Санкт-Петербург қалаларынан шақырылған әріптестерімен тәжірибе алмасып, бірқатар оқыту шеберлік сыныптарын өткізіп, баяндамалар жасайды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының  штаттан тыс бас онкологы Гүлмира Сағидуллинаның айтуынша, онкология және хирургия көпсалалы орталығының базасында «ONKO WEEK VKO» өткізу соңғы бес жыл ішінде орталықты жарақтандыру және жетекші шетелдік клиникаларда кадрларды оқыту жөніндегі бағдарламаның іске асырылуының арқасында мүмкін болды. Мұның бәрі ШҚО-да қатерлі ісіктерді диагностикалау мен емдеудің барлық түрлерін, соның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмекті енгізуге мүмкіндік берді. Сондықтан онкологиялық орталық Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген дәрігерлерді оқыту алаңына айналды. 

–    Бүгін бізде онкогинекология, онкоурология, торакальды хирургия салаларында азинвазивті хирургия жақсы дамып келеді.  Клиниканың операциялық блогы халықаралық стандарттарға сай жарақтандырылған. Конференция жұмысына Астана, Алматы, Павлодар, Қостанай қалаларының онкологтары, Грузия, Ресейдің ғалымдары қатысып отыр.  Бүгінгі шеберлік сабақтары барлық қатысушылар үшін тікелей эфирде өтеді. Біз заманауи әдістерді қолдану тәжірибемізбен бөлісеміз. Даму үшін үнемі ізденісте, әріптестермен  қарым-қатынаста болу маңызды. Біз шетелден қонақтардың келгеніне өте  қуаныштымыз, - деп атап өтті Гүлмира Сағидуллина.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты онкологиялық қызметтің басшысы, медицина ғылымдарының кандидаты Ерлан Кукубасов өңірдің онкология қызметіне жоғары баға берді.
-    Біз Шығысқа оқыту үшін емес, тәжірибе алмасу мақсатында келдік. Өйткені сіздердің онкологиялық орталықтың заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталу деңгейі өте жоғары, еліміздегі көшбасшы клиникалардың бірі. Қазір аз инвазивті хирургия жақсы дамып келеді, үш күнде біз ота жасаудың кейбір сәттерін талқылайтын боламыз. Оның үстіне ғылыми конференция болады, орталықтың жетекші мамандары мен шақырылған ғалымдар онкопластикалық хирургия, онкогинекология, онкоурология тақырыптарына қызықты баяндамалар жасайды, - деді Ерлан Кукубасов.
Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында алғашқы оталар бүгін жасалды. 
Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан келген жоғары санатты онколог-дәрігер, торакальді хирург, аға ғылыми қызметкер Андрей Нефедов  қандай жаңа технологиямен бөлісетіні туралы айтып берді.

- Өкпенің қатерлі ісігіне араласудың ең азинвазивті нұсқасы - өкпенің қатерлі ісігіне бір портты хирургия техникасын көрсетуді  жоспарлап келдім. 3-4 сантиметрлік тілік жасалады да, отаның барлығы сол арқылы  жасалады. Менің міндетім  - осы әдісті көрсету, ал  шығысқазақстандық әріптестерім болашақта осы  тәсілді қолданады деп үміттенемін. Осындай ота кезінде пациенттер аз жарақаттанады, тез сауығады. Біз кем дегенде екі операция жасауды жоспарлап отырмыз, бірақ тағы пациенттер болса, олардың көрсеткіштеріне қарап, егер көбірек операция жасау қажет болса, оны да жасаймыз, - деді Андрей Олегович. 

Астана қаласындағы  Қазақстан Республикасы Президентінiң Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасы урология бөлімшесінің меңгерушісі Бахтияр Қасымов онкоапталық аясында жоспарланған  реконструктивтік-пластикалық операциялар  туралы айтты. 

-    Реконструктивтік-пластикалық операциялар бүгінде өте танымал және ондай операцияларды жасайтын клиникалар саусақпен санарлық.  Өкінішке орай, кез келген отадан кейін ағзада өзгерістер болады. Реконструктивтік-пластикалық операциялар науқастың өмір сапасын,  ота жасалған ағзаның қызметін жақсарту мақсатында өте қажет. Мысалы зәр шығару жолдарын қалпына келтіру үшін  жасалады. Сондай-ақ, жатырдың онкологиясын түбегейлі емдегеннен кейін науқасқа пластикалық операция жасаймыз. Отадан кейін науқастар социумға, қалыпты өмірге, жұмысына оралады, - деді Бахтияр Қасымов. 

Айта кету керек, реконструктивті пластикалық хирургияны біздің онкологтар  2022 жылдан қолға алып келеді. 

-    Осы операциялардың барлығын біз өз клиникамызда бұрыннан жасап келеміз. Бүгінгі алаң осы технологияны басқа өңірлердегі әріптестерімізге  көруге мүмкіндік береді. Біз жылына несеп-жыныс жүйесінің қатерлі ісіктері бойынша 500-ге жуық операция жасаймыз.  Олардың 60% дерлік лапароскопиялық және 30% эндоскопиялық жолмен жасалады. Онкология болғаннан кейін бізде ашық хирургия да бар – қалған 10%  ашық түрде жасалған оталар, - деп қосты облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығы онкоурология бөлімшесінің меңгерушісі Асқар Ибраев.  

Онкологиялық орталықтың мамандары мен шақырылған профессорлар несеп-жыныс жүйесінің, кеуде қуысының және әйел жыныс мүшелерінің қатерлі ісіктерін хирургиялық емдеу бойынша бірқатар практикалық шеберлік сағаттарын өткізеді. Үш күннің ішінде «ONKO WEEK VKO» аясында 11 операция жасау жоспарлануда. Ол үшін пациенттерді іріктеу жүргізілді, олардың барлығы - Шығыс Қазақстанның тұрғындары.
Үш күн ішінде хирургтар практикалық ғана емес, теориялық ақпаратпен де бөліседі. Ғылыми-практикалық конференция барысында 20 дәрігер қазақстандық тәжірибеге озық тәжірибені кеңінен енгізуге бағытталған онкохирургияның өзекті тақырыптары бойынша баяндамалар жасайды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив