Достық үйінде бесік арбалар шеруі өтті – Өскемен
Фото: Автордікі
ШҚО Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мереке ұйымдастырды.
Мерекеге жиналған қауым үшін жеткіншектер заманауи және әртүрлі ұлттардың билерін билеп, ән шырқады. Сонымен қатар алаңда әртүрлі қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, ойыншықтар мен тәттілер саудасы қызды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жиналған кішкентай қонақтар түрлі ойын ойнап, сыйлық ұтып, аниматорлармен бірге естелік суретке түсті. Ұйымдастырушылар жеткіншектерге балмұздақтар мен сыйлықтар үлестірді.
Шараның басты қызығы – «Бесік арбалар шеруі» болды. Шеруде келушілер назарына ұсынылған бесік арбаларды ата-аналар түрлі заттармен сәндеп, оларға өзгеше өң берген. Медицина қызметкерлерінің құрметіне сәнделген арба мен періштелерге арналған бұлт пен көбелектер қонатын гүл кейпінде, жеміс қорабы, сыйлық, бекзада мен ханшайым отыратын пәуеске түрінде көркемдеген бесік арбалар алаңға қаз-қатар тізілді.
Қиял мен шығармашылық ұштасқан арбалардың иелеріне арнайы сыйлықтар табысталды.