Өскемен қаласында әлеуметтік көмір сату жұмысы жүріп жатыр. Әлеуметтік көмір алатындар үшін көмір бағасы 13 500 теңге болады және оны жеткізу құны да біршама төмендетілген.
Қазіргі таңда қалада әлеуметтік көмір алатын 5 мыңнан астам отбасы бар, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
1 шілде күні Өскемен әкімдігі, «Қаражыра» АҚ мен Шығыс Қазақстан өңірінің Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің арасында әлеуметтік көмір жеткізу бойынша үшжақты меморандум жасалған еді. Осының нәтижесінде әлеуметтік көмір алатын тұрғындар үшін қатты отынның бағасы 13 500 теңгеден ұсынылып, жеткізу қызметінің құны да біршама төмендеді. Қазіргі таңда ардагерлер қоғамдық бірлестігі қала бойынша жеткізуді ұйымдастыру үшін 25 автокөлік шығарып отыр.
Шығыс Қазақстан өңірінің Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Олег Фроловтың мәлімдеуінше, бұл – осы жоба іске асып жатқан 14-ші жылыту маусымы. «Қаражыра» мекемесі әлеуметтік көмірдің коммерциялық көмірден айырма құнын өз есебінен төлейді. Осылайша, тұрғындар көмірдің өз құны мен жеткізу бағасынан елеулі қаржы үнемдей алады.
– «Әлеуметтік көмір» жобасы 2009 жылдан бері іске асырылып келеді. Атап айтсақ, ол «Қаражыра» АҚ есебінен төленетін ақыға негізделген. Бүгін тұтынушыға 6 тонна көмір жеткіздік. Сатушыға соның әр тоннасы үшін төленетін 500 теңгені «Қаражыра» мекемесі төлейді. Сонымен қатар жеткізудің әлеуметтік бағасы да қарастырылған. Бүгінгі таңда қала сыртына жеткізу құны 12 500 теңге болды. Осылайша, тұтынушы жылыту маусымында барлығы 10-12 мың теңге үнемдейді. Әлеуметтік көмірді әлеуметтік осал санатқа жататын ҰОС ардагерлері, зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы отбасылар сынды тізімдегі топтар ала алады. Көмір бағасы бірнеше рет өсті. Осы себепті Өскемен қаласының тұрғындарына көмірді күн райы жақсы кезде, ертерек алған жөн екендігін айтқым келеді. Кейін көмір қымбаттауы мүмкін немесе өзге жағдай болуы мүмкін, – дейді Олег Фролов.
Қазір көмір сатып алу үшін ұзын сонар кезек басталып кеткен.
– Көріп тұрғандарыңыздай, көмірдің қолда бар көлемі қазір жеткілікті. Бүгінгі таңда қолда бар көмір 1090 тонна болды. Көмір келісімшарт бойынша «Қаражыра» АҚ-дан тұрақты түрде жеткізіледі. Оның ішінде әлеуметтік көмір де бар. Әлеуметтік көмір 13 500 теңгеге сатылып жатыр, ал коммерциялық көмір – 14 мың теңге. Біздің база – жеке фирма. Көмірді қажет адамдардың барлығына сатады. Оның ішінде әлеуметтік осал санат өкілдері де бар. Әкімдікпен жасалған меморандумға сәйкес біз тек көмір түсіретін алаң ұсындық. Бұл жерде барлығы тұтынушыға байланысты. Ұзын сонар кезек 15 шілдеден басталды. Оған дейін көмір түсіру жүргізілмеді деп айтуға болады. Біздің қызмет – маусымдық жұмыс. Бұл кезеңдерде көбіне мекемелерге жөнелтеміз. Мысалы, ақпаннан маусымға дейін көмір алатын жеке тұлғалар аз болады. Қазір дүрбелең байқалды, кейде көмір жетпей қалады. Халықтың ығына жығылып, бөлу әрқашан қолдан келе бермейді. Сондықтан өткен аптадан бастап көмір жеткізуді арттырдық. Қазір күніне орта есеппен 9 вагон келеді. Бір вагонда 70 тонна көмір бар, күніне орта есеппен 630 тонна жеткізіледі, – дейді «Сейком» ЖШС директоры Николай Кондратьев.
Қала тұрғындары қазірден қамдана бастаған көрінеді.
– Әлеуметтік көмір алып отырғанымыз алғаш рет емес. Соңғы 2 жылда электр арқылы жылыттық. Ол өте қымбат. Қазір тіпті қымбаттады. Көмір қолдануға қайта оралуды ұйғардық. Сондықтан ертерек қамданып, көмір алдық. Көмірдің сапасы жақсы. Бұл мекемеден бұрын да көмір алғанбыз, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Ольга Булина.
Әлеуметтік көмір сатып алғысы келетіндер жеткізу кестесіне тіркелу үшін Аумақтық басқару орталығының жергілікті филиалдарына (ЦТУ) өтінім бере алады.