Өскемен тұрғыны саяжайда қарасора өсірген
Фото: ШҚО ПД ресми парақшасынан алынды
Шілде айының ортасында «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында 42 жастағы Өскемен қаласының тұрғыны есірткі заттарын заңсыз өсіретіні туралы ақпарат жедел уәкілдерге келіп түсті.
ШҚО ПД дерегінше, алынған мәлімет тексеру барысында расталды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Саяжайдағы жылыжайдың аумағын тінту кезінде «қарасора» өсімдігінің жалпы салмағы 1140,55 грамм болатын 73 бұтасы табылып, тәркіленді. Тұрғынның айтуынша, өсімдікті өзі тұтыну үшін өсірген.
Күдіктіге қатысты келуге міндеттеу түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасы таңдалды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 300-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл баптың санкциясында 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.