ШҚТУ – кәсібін таппаған маманның екінші тынысын ашатын орда
Фото: Д. Серікбаев ат. ШҚТУ баспасөз қызметі
Қазіргі таңда алған мамандығынан ауытқып, өзге саладан кәсібін тауып, басқа жаққа бет бұрған адамдар жеткілікті. Заман талабына, өзге де факторларға байланысты кей мамандықты игерген жандар алған білімі бойынша жұмысқа орналаса алмай жатады. Бүгінгі таңда диплом алу үшін ғана мектептен кейінгі білім ұйымдарында жанына жат мамандық бойынша оқып шығатындар да бар. Заман талабына сай бейімделіп, іздегенін өзге саладан тапқан мамандар үшін сол саланың қыр-сырын жетік меңгеру мүмкіндігі де қарастырылған.
Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ екінші мамандығының тереңіне бойлау ниетін білдірген азаматтарға жүйелі білім бағдарламасын ұсынып, теорияны тереңдетіп оқытады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Алған дипломы бойынша қызмет етпейтін мамандар бөгде салаға бейімделуге мәжбүр болады. Мән-жайын білмеген белгісіз кәсіптің айдынына сүңгу өзге саладан ауысқан жанға күрделі болуы ықтимал. Жуықта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге тоқталып, «ЖЭО-ны заңгер, өңірлік энергетикалық компанияны бағалаушы, жылу транзитін агроном, қалалық су жүйелерін зоотехник басқаратынын» атап, әркім өз кәсібімен айналысуы керектігін баса айтты.
Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ұстанатын ұстаным да осыған келіп саяды.
– Расында, елемесек, мәселедегі кесел көрінбейді. «Қызметін қатардағы маман ретінде бастаған азамат жоғары лауазымға мол тәжірибе арқылы жетуі ықтимал» деп ақтап алуға да болар. Шынтуайтында, тек «диплом үшін» ғана оқып, артынша өзге қызметке кеткен маман өзгенің арманына, ниетіне, тілегіне тосқауыл қоюы мүмкін. Бұл жағдай «нағыз маманның» жолына тосқауыл болуы мүмкін деген жорамал тағы бар. Екіншіден, кез келген қызметтің, саланың, мамандықтың, тіпті компанияның дамуы білікті азаматтардың, сол саланы зерттеген, танысқан ғалымдардың болуына тікелей байланысты. Сондықтан күрделі технологиялық жылу жүйелерін заңгердің басқаруы қисынсыз. Елімізде соңғы жылдары белең алып кеткен техногендік апаттардың, орман өрті оқиғаларының соңында біліксіз мамандар тұруы ықтимал екенін жоққа шығару қиын, – дейді жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жауапты қызметтерге кәсіби мамандардың тағайындалуы мен түрлі сала қызметкерлерінің, әсіресе экономиканың индустриялық секторында қызмет ететін мамандардың жоғары біліктіболуы маңызды екеніне екпін қойды.
Дерекке сүйенсек, көптеген дамыған елдерде басшылық қызметті өз ісінің мамандары атқаруының үлесі жоғары. Бұдан бөлек, технологиялардың жедел дамуы және Индустрия 4,0 жағдайы өндірістен жүйелі білім және табысты арттыру мақсатында кадрлық әлеуетті кәсіби арттыру мен тұрақты экономикалық өсімді талап етеді.
65 жылдық тарихы бар елдегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ бұл мәселені түрлі деңгейдегі жиындарда, форумдар мен бұқаралық ақпарат құралдарында көтеріп келді. Екінші жоғары білім алуға ниет білдірген талапкерге білімін жетілдірудің жүйелі бағдарламасын ұсынады. Мысалы, ұстаздық білімі бола тұра, шахтада қызмет етіп жүрген маман қызметіне сай білім алуға келсе, практикадан бұрын теорияны тереңдетіп оқытуға зейін қояды. Оған оқу орны қол жеткізген көрсеткіш те дәлел. Атап айтқанда, биыл Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да 1299 маман диплом алып шықты. Оның ішінде университет-кәсіпорын-студент үшжақты келісімшарты бойынша 199 маман кәсіби білім алды. Яғни, кәсіпорында қызмет етіп жүрген мамандар лауазымына тиісті мамандықты игеріп шыққан.
Университет ел өнеркәсібі мен экономикасының түрлі салаларында жұмыс істейтін инженерлік-техникалық бағытта жоғары білікті мамандарды даярлайды.
Университет міндеттерді орындауда өңірдің экономикалық дамуын кепіл етіп, кәсіпорындар мен жалпы бизнестің өркендеуі үшін қолайлы платформа құруға талпыныс танытып отыр.