Қыста үйдегі температура 20-21 градус болуы қажет
Фото: egemen.kz
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров тұрғындарды қыс кезінде пәтердегі төмен температураға үйренуге шақырды.
Бұл ресурсты үнемдеу мақсатында іске асырылатын көрінеді, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
– 20-21 градусты құрайтын қалыпты нормаларға үйрену керек. Қыста бұл температура қалыпты деп санаймыз, себебі ресурстарды үнемдеу қажет. Біздің елде адамдар үйдегі жоғары температураға әбден үйреніп алған. Мұның салдары жылу беру желілеріне тым жоғары салмақ түсіріп отыр, – деді Әлібек Қуантыров.
Оның айтуынша, жылу бойынша норматив 21 градус шамасында. Тұрғындар қыста 23-25 градусқа үйреніп қалған және оны тиісті нормаға түсіргенде, халық шағымдана бастайды.
Сонымен қатар ол қыста терезені немесе балконды ашу арқылы температураны реттемеуге шақырды.
– Бізде арнаулы құрылғыларды орнату керек, бұл ретте тұрғындар пәтердегі жылуды қадағалап, энергияны үнемдеуге назар аудара бастайды. Жалпы, еліміздегі инфрақұрылымды жаңарту шығындары тек тариф есебінен ғана емес, сонымен қатар бюджет қаражатын игеру арқылы іске асырылады. Тариф деңгейі адамдарға салмақ түсірмеуі керек. Халықтың әлеуметтік осал топтарына әкімдіктер арқылы өтемақы төлеу мүмкіндігі бар, – деді министр.
Оқи отырыңыз