Баланы лагерьге жіберу үшін қанша ақша керек?
Фото: egemen.kz
Елімізде балалардың жазғы лагерьлерде 1-2 апта демалу құны 80 мың теңгеден басталып, 240 мың теңгеге дейін жетеді.
Energyprom.kz порталының мәліметінше, балалар үшін қала сыртындағы орталықтардағы жазғы демалыстың құны өңірлерге қарай әрқилы, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл ауысым ұзақтығына (7, 10, 12 күн), маусымға (жаздың соңында баға төменірек), ұйымның профилі, мәртебесі сияқты көптеген факторға байланысты. Мәселен, Шымкент іргесіндегі Delve Camp ағылшын лагерінде тұру 159 мың теңгеге дейін жетеді. Ал өңірлердегі стандартты туристік балалар орталықтарындағы орташа баға 80-100 мың теңгені құрайды.
Ең қымбаты – «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы. Ол басқа лагерьлер арасында ауқымы жағынан да, қызмет көрсету сапасы жағынан да ерекшеленеді. Онда балалар сауықтыру және реабилитациядан өтеді. Жолдамаларды Оқу-ағарту министрлігі бірінші кезекте дарынды балаларға, жетім балаларға, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға, аз қамтылған отбасылардан шыққан мектеп оқушыларына таратады. Ол жерге баланы коммерциялық негізде жіберу үшін 15 күндік ауысымға 240 мың теңге төлеу керек. Бұл – Қапшағай су қоймасының жағалауында, Қонаевта орналасқан «Балдәурен» бөлімшесіне билеттің бағасы. «Артек» қағидаты бойынша құрылған бұл оқу-сауықтыру орталығының бөлімшелері Шу, Шымкент қалаларында және Қарағанды облысында да жұмыс істейді.