Қазақстан мен Ресей арасында автомагистраль салынса, жол екі есе қысқармақ
Фото: pexels.com
Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 27 қарашада Ақордадағы БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында Ресей Президенті Путинмен жүргізілген кеңейтілген құрамдағы келіссөзде Қазақстаннан Моңғолияға қарай автомобиль жолын салу және ауған көлік дәлізін белсенді пайдалану сияқты жобаларды іске асыру перспективалары талқыланғанын айтты, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.
Ресей мен Қазақстан арасындағы автожолдың бағыты Моңғолия шекарасына қарай шығатын Өскемен, Риддер қалалары және Ресей Федерациясының Туэкта елді-мекені арқылы өтпек. Болжамды маршруттың қазақстандық учаскесі – облыс орталығы - Өскемен қаласынан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі аралықта салынған болатын. Оның жалпы ұзындығы 189 шақырым, 62 шақырымда күрделі және орташа жөндеу жұмыстары атқарылады. Маршруттың басым бөлігі Ресей Федерациясының аумағынан өтеді, егер Ресей тарапының Қазақстан шекарасына қарай жол салуға келісім болса, қазіргі қолданыстағы маршрут екі есе қысқарып, бар жоғы 837 шақырымды құрайды.
Қазір қолданыстағы Ресейге апаратын «Өскемен – Рубцовск – Барнаул – Туэкта автомобиль жолы – Моңғолия шекарасы» тасжолының ұзындығы 1 604 шақырымды құрайды.
Егер, Қазақстаннан біздің облыстың аумағы арқылы Моңғолияға қарай тікелей автомагистраль салынса, мемлекеттер арасындағы қолданыстағы автомобиль жолы айтарлықтай қысқарып, екі мемлекеттің алыс-берісін, барыс-келісін арттырады. Бұл жұмыстар жол жүру уақытын едәуір қысқартып, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы, сондай-ақ біздің облыстың көрші елмен көлік байланысын жақсартып қана қоймай, экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтудағы маңызды қадам болмақ.
Жанаргүл Көкенайқызы