Автоцистерна, күкірт қышқылы: оқиға орны залалсыздандырылды
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Күршім ауданындағы Ақбұлақ және Егіндібұлақ ауылдарының арасында автоцистерна аударылып, 23 тонна күкірт қышқылы төгілген еді.
Аудандағы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы оқиға орнын залалсыздандыру жұмыстары жүргізілгенін хабарлады.
Мамандардың айтуынша, «Хим Транссервис» ЖШС деп аталатын мердігер ұйым сілтісіздендіру үшін топырақ үйіндісін қазып алған. Сондай-ақ токсикологиялық зерттеулер үшін бұлақтан 2 су сынамасы алынған.
Күршім ауданы әкімдігінің мәліметінше, оқиға орнынан 30 метр қашықтықта тартылып қалған бұлақ арнасы, ал 5 шақырым жерде бұлақ көзі бар. Алайда елді мекендерден алыс болғандықтан тұрғындар бұлақ суын тұтынбайды.
«Топыраққа төгілген күкірт қышқылының арақашықтығы шамамен 20-40 м құрайды. Қалғұты ауылдық округінің (Қаратоғай, Егіндібұлақ, Ақбұлақ ауылдары) жергілікті тұрғындары хабарландыру арқылы құлағдар етілді», - деп жазылған хабарламада.
Облыстық СЭБ департаменті аудан әкіміне жер жамылғысын залалсыздандыру шараларын бақылауды ұсынды.