Омбы-Майқапшағай жолының бойына 5 демалыс аймағы орнатылады
Фото: pexels.com
2024 жылы «Омбы-Майқапшағай» тасжолының қайта жаңарту жұмыстары аяқталуы тиіс.
ШҚО арқылы өтетін 231 шақырымның 162,4 шақырымында жұмыс аяқталды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл жолды халықаралық деп атауға толық негіз бар, өйткені ол Қазақстан, Ресей Федерациясы және ҚХР сынды үш елдің экономикалық және туристік дамуына серпін береді.
«ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ атап өткендей, бұл жолда жолаушылар үшін барлық жағдай жасалады. Мәселен, бес демалыс аймағы (әр 50 шақырым сайын) орнатылады. Оларда жылы дәретхана, шағын архитектуралық нысан (беседка, орындық, урна, эстакада және т.б.) және туристер мен жүк көліктеріне арналған басқа да орындар салынады. Құрылысшылар барлық жұмыс мерзімінде аяқталатынына сендірді. Қазір нысан құрылысын жүргізуге 300-ден астам жол техникасы мен қызметкерлер жұмылдырылған. Пайдалануға берілгеннен кейін рұқсат етілген қозғалыс жылдамдығы сағатына 110 километр болады. Сонымен қатар болашақта жүк көліктерінен ақы алу жоспарланып отыр.
Мамандар атап өткендей, «Омбы-Майқапшағай» тасжолындағы жұмыстардың сапасын бірден 5 ұйым бақылауда ұстайды (тапсырыс беруші, ұлттық сапа орталығы, бас мердігер, техникалық және авторлық қадағалау). Жол экономикалық тұрғыдан ынтымақ орнатқан елдерді байланыстыратын және Шығыс Қазақстанға келетін туристер санын едәуір арттыруға мүмкіндік беретін транзиттік дәлізге айналады.