KZ
Өскемен
-12°
пасмурно жел 1 м/с, СБ
498.34 519.72 4.85

2024 жыл – лайықты еңбек жылы

14.02.2024, 15:42 239

Өскеменде «Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы бас кеңесінің жұмыс қорытындылары: 2024 жылға арналған жоспарлар мен перспективалар» тақырыбында үйлестіру кеңесінің отырысы өтіп, онда ШҚО Кәсіподақтар орталығының 2023 жылғы жұмыс қорытындысы мен алдағы жылға арналған міндеттері талқыланды.

2023 жыл қауіпсіз еңбек жылы болып жарияланып, оның аясында өндірістегі жарақаттар мен жазатайым оқиғалардың деңгейін төмендету, еңбек жағдайларын жақсарту және жұмысшылардың денсаулығын қорғау бағытында бірқатар ауқымды шаралар жүзеге асырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Былтыр республика бойынша кәсіпорындарда 1236 өндірістік жазатайым оқиға тіркеліп, салдарынан 1437 адам зардап шеккен, оның 250-і өліммен аяқталды. Жазатайым оқиғалардың 66 пайызы кәсіподақ ұйымы жоқ кәсіпорындарда орын алған.

ШҚО кәсіподақтар орталығының қызметі ҚР Кәсіподақтар Федерациясының даму стратегиясының негізгі бағыттарына, облыс әкімдігі, облыстық кәсіподақ бірлестіктері мен жұмыс берушілер арасындағы келісім және «Қауіпсіз еңбек жылына» сәйкес жүзеге асырылғандығы айтылды.

- Біздің қызметіміздің маңызды бағыты - жұмысшылардың құқығын қорғау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Облыста өндірістік жарақат деңгейін төмендету және еңбек жағдайын жақсарту мақсатында «2025 жылға дейін қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары» мен «Адам өліміне әкелетін жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша жол картасы» әзірленіп, жүзеге асырылуда. 2023 жылы облыста 104 жазатайым оқиға орын алып, 114 адам зардап шекті, оның ішінде 9 адам қайтыс болып, қалғаны түрлі деңгейде жарақат алды. Жазатайым оқиғалар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 34% азайды, - деді ШҚО Кәсіподақтар орталығының төрағасы Темірбек Қасымжанов.

Облыста еңбек қауіпсіздігі бойынша 706 өндірістік кеңес және 1393  техникалық инспектор жұмыс істейді. Былтыр олар 7 мыңнан астам заң бұзушылықты анықтап, 98%-ға жуығын жойған.

Тағы бір айта кететін жәйт, ШҚО Кәсіподақтар орталығы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне зиянды өндірісте істейтін еңбеккерлерге төленетін әлеуметтік жәрдемақыға қатысты ұсыныс әзірлеуде. Себебі, кейбір еңбеккерлерге заң бойынша аталған жәрдемақы тиісті болғанымен, кейбір жұмыс берушілер БЖЗҚ-ға кәсіптік жарна төлемеген. Ал заңда аталған жарна 7 жыл төлену керектігі айтылған. Сондықтан осы мәселе оңды шешілуі үшін ШҚО Кәсіподақтар орталығы  29 ақпанға дейін ұсыныс жіберуді жоспарлап отыр.

Биылғы жыл лайықты еңбек жылы болып белгіленді. ШҚО Кәсіподақтар орталығының төрағасы Темірбек Қасымжановтың айтуынша, оның басым бағыттары - еңбек саласындағы негізгі қағидаттар мен құқықтарды жүзеге асыру мақсатында әлеуметтік әріптестікті нығайту, еңбек жағдайын жақсарту және әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту және лайықты жалақыға қол жеткізу.

                                                                                     

Айжанат Бақытқызы

 Фото: Анна Степанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу