Күршім ауданында бірнеше бағытта жол жабылды
сурет: depositphotos.com
Күршім ауданында толассыз жауған қардың соңы ақ түтек боранға ұласып, облыстық маңызы бар автокөлік жолдары жабылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Атап айтар болсақ, Ұрынхай-Төсқайың, Егіндібұлақ - Ақбұлақ, Марқакөл - Қарой, Қағұты - Қалжыр, аудандық маңызы бар Қарой-Қайнарлы, Төсқайың-Балықтыбұлақ, Күршім - Жолнұсқау, Маралды - Үшбұлақ бағытындағы жолдар жабылды.
Дәл қазір сегіз ауылға жол жоқ. Жалпы саны 25 техника жолдарды қардан тазалап жүр. Кешелі бері өңірде қатты аяз түсіп, бұл дизель отынымен жүретін техникалардың жұмыс істеуіне кедергі келтіруде. Дегенмен жұмыс тоқтаусыз жүріп жатыр.
“Түнде жолда қалған 11 адам, оның ішінде жеті бала қар құрсауынан құтқарылып, аман-есен қауіпсіз жерге жеткізілді. Жергілікті билік жағдайды бақылауда ұстап отыр”, деп хабарлады аудандық әкімдіктен.