IT-Hub: Шығыстың болашаққа серпіні
Цифрлық технологиялардың қарыштап дамуы әлемдік трендке айналды. Заманауи ақпараттық технологиялар қоғам өмірін жеңілдетіп қана қоймай, әр салада жаңа мүмкіндіктер туғызып отыр. Елімізде IT индустриясының дамуы жаңа серпін алуда, ал Шығыс Қазақстандағы IT-Hub бұл бағыттағы жарқын жобалардың бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Жолдауында IT секторды дамытудың стратегиялық маңыздылығына тоқталып:
Елімізде IT-бағыттарды ілгерілетіп, көшке кідіріссіз ілесу үшін білікті мамандар дайындау, білімдерін ұштап, бағыт-бағдар беру қолға алынып отыр. Әрбір өңірде IT жобалармен айналысатын жастарды қолдау мақсатында IT-Hub ашылып жатыр. Мұндай орталықтардың бірі өткен жылдың мамыр айында Шығыстың бас шаhарында есігін айқара ашып, дарынды жастардың игілігіне берілген.
Oskemen IT-Hub-тың негізгі мақсаты – облыстағы IT-community, яғни IT-қоғамдастықты дамыту.
IT индустриясы – креативті ой мен терең білімнің тоғысқан саласы. Аймақтық IT-Hub арқылы Шығыс Қазақстан жастары әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік алады. Бұл – тек жаңа технологиялар жасау ғана емес, сонымен қатар халықаралық нарыққа шығудың жолы.
Шығыс Қазақстанда ашылған IT-Hub орталығы цифрлық бағыттағы жобаларды дамыту мен жас мамандарды оқытуға арналған алаң ретінде қызмет атқаруда. Бұл орталық – аймақтың технологиялық дамуын қамтамасыз ететін маңызды бастама. IT-Hub заманауи білім берумен қатар, кәсіпкерлікке жол ашып, аймақтық стартаптарды қолдайды. Мұнда жас таланттар IT саласының жаңа шешімдерін жасап, еліміздің цифрлық трансформациясына үлес қосады.
Oskemen IT-Hub Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, «Astana Hub» технопаркі, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетімен бірлесіп ашылған. Бүгінгі таңда орталықта жастардың стартаптарына толықтай менторлық жасалып, дарынды оқушылардың инновациялық жобаларына қолдау көрсетіліп жатыр. Дидар Мұратұлы өз сөзінде Astana Hub базасында Шығыстың түрлі IT жобалары акселерациялық және инкубациялық бағдарламалардан өтіп жатқанын айтты.
Хабтың бір ерекшелігі – мұнда IT саласына қызығушылық танытқан кез келген өңір тұрғыны ерікті түрде келіп, біліктілігін арттырып, түрлі курстарға қатыса алады. Жас аралығына шектеу жоқ.
Мектеп пен университет қабырғасында балалар арнайы бекітілген пәндерді ғана оқитын болса, орталықтың шәкірттері өздерін қызықтырған тақырыптарды айтып, жетекшілеріне ұсыныс білдіреді. Хабтың ерекшелігі де осы.
Орталықтың ашылғанына аз ғана уақыт болса да аяқ алысы жаман емес. Студенттердің жобаларына қызығушылық танытып, бірлесе жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар да бар екен. Ендігі мақсат – жобалар бойынша шетелдерге шығып, өрісін кеңейту. Жақында хабтың жұмысымен Қазақстан-Американдық еркін университетінің халықаралық істер бойынша вице-президенті Дэниел Бэлласт танысқан. Қазақстан-Американдық еркін университеті – бүгінгі таңда АҚШ-пен және Германиямен бірлесе жұмыс істейтін, өзіндік дуальды бағдарламалары бар оқу орны. Ал Германияның астанасы Берлин қаласы IT стартаптар бойынша әлемдегі үздік үштікке кіреді. Сондықтан біздегі IT хабтың әлеуеті мен мүмкіндігі зор екенін айта кеткен жөн.
Ендігі кезекте үлкен жұмыс атқарылуға тиіс. Осы орайда орталықтың белсенділері облыс жастарын ІТ хабқа шақырады.
Үлкен арман иесі
Өткен жылы облыс орталығында есігін айқара ашқан өңірлік IT-хабта бүгінде талантты жастар тәрбиеленіп жатыр. Олардың бірі – омыртқа арасындағы жарықшақ (грыжа), арқа ауруларының алдын алуға арналған мобильді қосымша мен гаджет ойлап тапқан Әбілмансұр Жүніскенов. IT-хаб резиденті, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы еңсетүзеткішті мойынға тағатын жеңіл корректор ретінде құрастырған. Жас өнертапқыштың айтуынша, қазірде ондай құрылғылар корсет күйінде көптеп шығарылып, қолданылып келеді. Алайда ол денені қысып, бұлшық еттің дамуына кері әсерін тигізеді.
Әбілмансұрдың бұл жобаны қолға алғанына екі жылға жуық уақыт болыпты.
IT-технологияларды пайдалану саласында перспективалық жобаларды жүзеге асырып жатқан жастарға аймақ басшысы да қолдау көрсететінін, нейрохирург мамандармен кеңесе отырып, стартап-жобаны дамыту қажет екенін атап өткен болатын. Кейін Әбілмансұр облыстық мамандандырылған медициналық орталығының инновациялық медицина бөлімінде болды. Өңірдің жетекші нейрохирургтері өнертабыстың бірегейлігін және оның медицинада қалай көмектесе алатынын атап өтті.
Шығыс Қазақстан мамандандырылған медициналық орталығы инновациялық медицина бөлімінің меңгерушісі Жандос Уаптың айтуынша, бұл құрылғы дәл қазір өте өзекті. Өйткені құрылғыны үйде де, медициналық мекемелерде де терапия сеанстарында қолдануға болады. Толық пайдалану үшін функционалдылықты жетілдіру қажет. Олар бұған көмектесуге, бағыттауға, кеңес беруге дайын.
Цифрлық экономика – бүгінгі күннің ғана емес, болашақтың да басты бағыты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, IT саласын ілгерілету арқылы еліміз жаңа деңгейге көтеріле алады. Шығыстағы IT-Hub осы маңызды бағыттың бастамашысы болып, келешек технологиялық көшбасшыларды тәрбиелеуге қызмет етеді.