KZ
Өскемен
-13°
плотный туман Штиль
498.51 522.84 4.81

Жастар арасындағы зиянды әдет: насыбай тұтынумен күрес

1.12.2015, 10:30 4 Гульжан Мусина

2015 жылы елімізде насыбайды сату мен қолдануға заңмен тыйым салынған болатын. Алайда бұл шектеулерге қарамастан, аталмыш зиянды әдет жастар арасында әлі де кеңінен таралуда. Бұл – қоғамды алаңдататын маңызды мәселелердің бірі. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте шекпейтін темекі өнімдерін, соның ішінде насыбайды өндіруге, әкелуге, сатуға және таратуға тыйым салынған. Осыған қарамастан, зиянды өнімнің заңсыз айналымы тоқтар емес.

Қазақстанның полиция қызметі насыбай саудасымен жүйелі түрде күрес жүргізіп келеді. Бұл бағытта «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету үшін ішкі істер органдары қоғам өкілдерімен бірлесе отырып, тұрақты түрде республикалық жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырады. Насыбай қолдану бүгінгі күні әсіресе жастар арасында кең таралғаны байқалады. Зиянды өнімнің денсаулыққа тигізер залалы мен заңға қайшылығын ескерместен, жас буынның арасында насыбайдың тұтынылуы қоғам үшін үлкен қауіп тудырады.

Бұл тек құқықтық немесе денсаулық мәселесі ғана емес, сонымен қатар қоғамдық сананың төмендеуінің бір көрінісі. Заңның талаптарын орындау мен жастар арасында профилактикалық жұмыстарды күшейту – зиянды әдеттердің алдын алудың маңызды қадамы болмақ.

Жайма базардағы жағдай

Өскемендегі «Көк базардың» маңында темекі мен насыбай кедергісіз сатылуда. Бұл жерді өскемендіктер 10 жылдан астам уақыттан бері біледі екен. Бардық. Көрдік. Сатушымен де тілдестік...

Гүлдер мен шөптердің тұқымын сатып отырған жерде «бақша махоркасы» да, темекі де бар. Сатушыдан «дайын насыбай бар ма?» деп сұрадым. Ол маған «Насыбай бір-ақ жерде сатылады, ана бұрышты айналсаңыз, алдыңыздан шығады» деді. Жайма базарда ұсақ-түйек заттарды саудалап отырған әйелге жақындап, «насыбай керек еді» дедім. Ол мені дүңгіршекке ертіп келді. Ішінде насыбайдың неше түрі бар екен. Кішкене целлофан пакеттерге салынған.

– Ащысы керек пе, әлде әсері әлсіздеуі ме? Ащысы 400 теңге, әлсізі 300 теңге. Әдетте тұтынушылар екеуін де алып, араластырып қолданады. Мынадай брикет түрінде де болады, ол – 750-850 теңге. Дәмі әртүрлі. Мынада мәселен құлпынайдың дәмі бар, – деп түсіндіріп жатыр сатушы.

Қысқасы, бұл жерде насыбай саудасы кедергісіз жүріп жатыр. Сатушы әйел өнімді көбінде жастар алатынын айтты. Қайдан келетіні, құрамы туралы қазбалап сұрай бастаған едім, ол секемденіп қалды да, жақтырмай қарады. Мен де «кешіріңіз, бір айналып келемін» деп шығып кеттім.

Осыдан кейін құқық қорғау қызметкерлерінен жұртқа мәлім осы нүктенің қалайша әшкереленбегенін, сатушының ешкімнен жасырынбай ашық сатып отырғанын түсіндіріп беруін өтінген едім.

– Әдетте базардағы саудагерлер рейд жүретінінен алдын ала хабардар болып отырады. Оның үстіне республикалық шара болғандықтан өтетін уақытына дейін хабарланды. Заңсыз саудамен айналысатындар сол күндері саудаларын тоқтата тұрады. Оның үстіне форма киген полиция қызметкерлерін көрген соң жасырын саудаға көшеді. Осы орайда қала, облыс тұрғындарына ескерткім келеді. Егер сіздер шекпейтін темекі саудасының орындарын білсеңіздер, не оны кездейсоқ көріп қалсаңыздар «102» жедел арнасына немесе сол маңдағы учаскелік полиция пунктіне, бөлімшелеріне хабарласыңыздар, – деді полиция майоры Батырбек  Қадыров.

Аға инспектор насыбайды өндіру және таратумен қоғам болып күресу керектігін айтты. Сол себепті тәртіп сақшылары заңсыз сауда орындарын әшкерелеуде азаматтардан көмек күтеді.

Өз қолымен ауру туғызып жүр

Әсіресе жастар арасында көп қолданылатын насыбайдың адам денсаулығына зияны туралы дәрігерлер дабыл қағып келеді. Оның зиянды әрі ұят әдет екенін Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты.

- Денсаулыққа зиян әрі ұят әдеттің бірі – насыбай ату. Оның қалай жасалатыны белгілі. Ешқандай санитарлық талап сақталмайды. Құрамында түрлі дертті, оның ішінде онкологиялық ауруларды қоздыратын заттар бар. Қазір – XXI ғасыр, жоғары технология мен жасанды интеллект қарқынды дамыған заман. Ал біздің жастарымыз «атасынан қалған мұрадай», аузына насыбай салып, қақырып-түкіріп жүреді. Бұл не деген масқара?! Шын мәнінде, бұл – барып тұрған мәдениетсіздік. Оны тоқтату керек, – деген Президент.
– Насыбайдың денсаулыққа ең бірінші зияны – ол тәуелділік туғызуы. Егер оны еріннің астына салып қолданса, үш-төрт айда тәуелділік пайда болады. Миды улайды, жаңа нейрондық байланыстар пайда болуына кедергі жасайды. Ауыз қуысы, өңеш, кеңірдек, трахея, өкпе, асқазан обыры ауруларына алып келуі мүмкін, қан айналымы жүйесіне кері әсер етеді, атеросклероз, инфаркт, инсульт ауруларының пайда болуына алып келеді. Біз балаларды тексергенде, көбінесе астыңғы ерінін қараймыз, насыбай қолданатындарда қызарып немесе тілініп қалады, – дейді Өскемен қаласындағы психикалық денсаулық орталығының дәрігер-наркологы Зәуре Сансызбаева.

Наркологтың айтуынша, насыбайды оқу үлгерімі төмен немесе тұрмыстық жағдайы нашар балалар ғана қолданбайды, үлгілі отбасынан шыққан, оқу озаттары да пайдаланады. Сонымен қатар қыз балалар арасында шылым шегетіндер саны да артқан. Себебі түрі көп, иісі жағымды электронды темекі жасөспірімдер үшін сәнге айналған.

– Статистикаға сүйенсек, нақты шылым шегетін балалар санын айту қиын, бірақ мектеп оқушыларын алатын болсақ, әр үшінші бала электронды темекіні тұрақты түрде немесе ара-тұра шегетіні байқалады. Балалар тіпті 5-6-сыныптан бастап электронды темекі шегуге әуестеніп жатыр. Нарколог дәрігер ретінде үнемі мектеп, колледж, жоғары оқу орындарымен жұмыс істеп, темекінің зияны жайлы дәріс оқимын. Кейде оқу орындары балаларды қабылдауға өздері жібереді, келген балалармен міндетті түрде әңгіме жүргізіледі. Бірақ  қазір  біз шылым шегетіндерді тіркеуге алмаймыз, себебі шылым шегуден тәуелділікті адамның тұрғылықты мекенжайы бойынша жалпы тәжірибелік дәрігерлер емдейді, – деп жалғастырды Зәуре Сансызбаева.

Шылыммен әуестенген жеткіншектер нашақорлыққа да ұрынуы мүмкін. Баласының темекі тартатынын білетін ата-ана  кейде тексеру үшін наркологтың қабылдауына алып келеді екен. Егер баланың зәрінде есірткіге тест тапсырғанда синтетикалық каннабиноидтар (анаша) немесе синтетикалық стимулятор есірткілер шықса, онда  ол баланы нарколог тіркеуге алып, бір жыл көлемінде бақылайды, психологпен жұмыс істейді. Егер бір жыл ішінде бәрі жақсы болса, жасөспірім тіркеуден шығарылады.

Алайда облыс орталығындағы «Вита-1» емханасының бас дәрігері Рая Рахимова шылым шегетіндер емханада есепте тұрады дегенге таңғалды.

– Біздің емханада жүрегі ауыратындар, қант диабетіне шалдыққандар, басқа да созылмалы дерттері бар науқастар диспансерлік есепке алынған. Ал шылым шегетіндерді, насыбай ататындарды есепке аламыз деп өтірік айта алмаймын, жасөспірімдердің де есебі жоқ. Ондай есепті ешбір емханада жүргізбейді. Қазір насыбайдың зияны, құрамының улы екені айтылып жүр. Бала кезімізде үлкен ата-әжелеріміз бір-бірінен шақшасын сұрап, насыбай атқандарын көргенбіз. Бірақ қазіргі жастар сияқты ауызға салып, оны түкіріп, маңайын ластағандарын көрген жоқпыз. Бұл жерде денсаулықпен қоса тазалық, мәдениеттілік мәселесі де жатыр, – деді Рая Жанғалиқызы.

Зардабы жемқорлықтан кем емес

Қоғам белсендісі Әділ Пішенов жастар арасында жемқорлықтың кесірі сияқты насыбайдың зияны туралы да түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кеселдің алдын алу керек деп санайды.

– Бұл жаман әдет біздің өңірде 2000 жылдардың басында кеңінен тарай бастады. Алдымен жайма базардағы апалар сатып отырды. Мен өзім қалада насыбай сататын екі-үш жерді білем. Ең қауіптісі – ол миды кептіреді, тәуелділік тудырады. Оның құрамын да ешкім тексеріп жатқан жоқ, неше түрлі улы заттардан, малдың, құстың тезегі, сөндірілмеген әк сияқты денсаулыққа  өте зиянды қоспалардан тұрады. Екінші жағы – насыбай атқан адам түкірумен болады, айналасын ластайды. Колледждегі, университеттегі студенттер оны қағазға түкіріп, отырған жерлерінде тастап кетеді, сасып жатады. Қазір енді барлық жерде бейнекамера бар, бұл әдет сәл азайған болар. Кеселдің алдын алу үшін жастар арасында жемқорлықтың кесірі сияқты насыбайдың зияны туралы да түсіндіру жүргізіп, әңгіме өткізу керек, – деген «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі Әділ Пішенов бұл мәселеде тұтынатындардан бұрын оны өндіретіндер мен сатушыларды қатаң жазалау қажеттігін жеткізді.

Қазір «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте шекпейтін темекі өнімдерін, оның ішінде насыбайды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салу көзделген. Өнімді заңсыз сатқаны үшін 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Салалық министрліктің мәліметінше, насыбайды сатудан бөлек, оны қоғамдық орындарда тұтынуға тыйым салынған. Атап айтқанда, білім беру мен денсаулық сақтау ұйымдары, мәдениет нысандары, қоғамдық тамақтану орындары, түнгі клуб, пойыз, ұшақ, әуежай, вокзал және аялдамаларда тұтынуға болмайды. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелер, жұмыс орны, тұрғын үйдің кіреберісі, жанармай құю бекеті, балалар алаңы мен кәмелетке толмаған балалардың көзінше автокөлікте пайдалануға тыйым салынған. Аталған жерлерде тұтынған адамға 15 АЕК-ке, бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 20 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Насыбайды тұтынған адам қоғамдық орында түкірсе, қоғамдық орынды ластағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Айыппұл көлемі – 5 АЕК, қайталанса, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді.

Қылмыстық жауапкершілікке тарту керек

«Экокелісім» халықтың денсаулығын сақтауға және экологияға әрекет ету бойынша облыстық қауымдастығы» ЗТБ президенті Татьяна Чернышованың пікірінше, бұл кеселмен күресеміз десек, тиісті заңдарға тек вейп таратқандарды ғана емес, насыбайды сататындарды да қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін түзетулер енгізу керек. 

– Әкімшілік кодексте көзделген айыппұл түріндегі жауапкершілікке қарамастан, кез келген тілек білдіруші үшін насыбайдың бағасы да, өзі де  қолжетімді, ашық сатыла береді. Дәрігерлер насыбайдың құрамы өте улы екенін айтып, дабыл қаққанымен, оны елеп жатқан ешкім жоқ. Ең басты қауіп –  насыбайды қолдану тәуелділікті тудырады. Жиі қолдану психикалық тәуелділікті тудырады, онкологиялық аурулардың пайда болуына әкеледі. Егер бұл кеселмен күресеміз десек, тиісті заңдарға тек вейп таратқандарды емес, насыбай сататындарды да қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін түзетулер енгізу керек. Сонда ғана жаман әдетке тыйым болады және ұлт денсаулығын сақтаймыз, – дейді Татьяна Чернышова.

Насыбай саудасы мен тұтынуын тоқтату тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Жастардың денсаулығын сақтау және олардың зиянды әдеттерге әуестігін азайту – ел болашағына деген жауапкершіліктің белгісі.

Айна Ескенқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу