Ұланның өнерлі ұрпағы: Балалар шығармашылық үйінің жетістігі
Қай кезеңде де өнер мен білімнің биігін бағындырған жандардың жұлдызы жарық болған. Қазақ халқының «Жігітке жеті өнер де аздық етеді» деген нақылы да осыны меңзейді. Бүгінде бұл дәстүр үзілген емес. Балалар мектептен тыс уақытта қосымша білім алып, түрлі үйірмелерге қатысуды әдетке айналдырған. Ұлан ауданында осындай қосымша білім беру орталығы – «Балалар шығармашылық үйі» ерекше орын алады.
Балалар шығармашылық үйі ауданда 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Жеткен жетістіктері мен бағындырған белесі де баршылық. Оған өзіміз де көптеген өнер-білім байқаулары мен сайыстарында куә болып келеміз. Ұланның балаларының қай уақытта да ұпайы жоғары, жеңісі көп. Оған әсер етіп отырған осы өнер кеніші екені айтпаса да түсінікті.
Иә, бұл өнер кенішіне айналған мекеме жақыннан дорбалап жата бермей, алыстан арбалап еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда Ұлан ауданына қарасты он ауылдан үйірмелер ашылған. Атап айтсақ, Қасым Қайсенов кентінде – 434, Айыртау ауылында – 26, Герасимовка ауылында – 12, Ұлан ауылында – 36, Сағыр ауылында – 18, Мамай батыр ауылында – 58, Таврия ауылында – 18, Ново-Азовое ауылында – 15, Гагарино ауылында – 20, Асубұлақ ауылында – 20 оқушы «Балалар шығармашылық үйі» негізінде қосымша біліп алады екен. Жетістікке жеткен балалардың қатары да ауыз толтырып айтарлықтай.
Ондағы педагогтер бес бағыт бойынша оқушылардың шығармашылық қабілетін жетілдіреді. Ұстаздар оқушыларды көркем–эстетикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік-педогогикалық, спорттық-дене шынықтыру, туристік-өлкетану бағыттары бойынша өнер-білімге баулып, жетістікке жетелеп келеді.
Балалардың туризмге қызығушылығын оятады
Бүгінгі таңда жаһандық өркениет көшіне ілесем деген жанның жан-жақты білімді, өзгеден дараланып тұратын өнерінің болуы заңдылық. Әйтпегенде, қатарыңның алды болу қиынға соқпақ. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, Ұлан ауданы ұл-қыздарын заман талабына сай тәрбиелеп жатыр. Қазіргі уақытта ұландық оқушылар 16 үйірмеде өнер-білім үйреніп жүр. Олар жас ақындар, тігін, жас техник, жас турист, өлкетану, риторика (мемлекеттік және орыс тілдерінде), қысқы спорт түрлері, үстел ойындары, футбол, үстел теннисі, ағаш шебері, элементарлы математика, бейнелеу, қолөнер, халықтық қолданбалы қолөнер түрлері бойынша қосымша білім алады.
Шығармашылық үйі өңірдегі сөз өнерінің дамуына да сүбелі үлес қосып келеді. Ауданның жас ақындарын үнемі жүлделі орындардан көреміз. Ол да жүйелі жұмыс пен тәжірибелі жетекшілердің жемісті еңбегінің арқасы болар.
Ауданның оқушылары тоқыма өнерін де жақсы меңгерген. Оған облысымызда өтетін көптеген қолөнер бұйымдарының көрмесінде куә болып келеміз. Қысқасы, Ұлан – оқушылары өнерлі өңірлердің бірі. Біз «Балалар шығармашылық үйінің» атқарған жұмысына қарап, үйірменің үйретері көп екеніне көз жеткізіп отырмыз.
Үйірме мүшелері үздіктер қатарында
Жақсының жақсылығын айтып, өнерін өзгеге үлгі етудің артықтығы жоқ. Сондықтан да «Балалар шығармашылық үйінің» жетістіктеріне аз-кем тоқталуды жөн көрдік. Үйірме қатысушылары аудандық, қалалық, облыстық және республикалық сайыстарға қатысып, үнемі жүлделі орындарды иеленіп келеді.
Атап айтар болсақ, «Жас техник» үйірмесінің екі оқушысы республикалық ғылыми жобаға қатысып, ІІІ орынға ие болса, «Жас ақын» үйірмесінің ақындары «Менің арманымдағы Қазақстан» республикалық жазба ақындар байқауында, «Сөз бұйдасын ұстаған Байбура би», «Туған жерім анамдай қымбат маған» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасына қатысып, жүлделі орындарды қанжығалаған.
Сонымен қатар «Футбол» үйірмесінің шәкірті Ислам Серікжанұлы ашық облыстық футзал турнирінен үздік шабуылшы болып, спорт шебері атағын алды. Ал «Ұлан шаңғышылары» үйірмесі Президенттік тесттер бойынша Шығыс Қазақстан облысының чемпионатында ІІІ орынға ие болса, қысқы Президенттік көпсайыстан Өскемен қаласының ашық чемпионатында тағы да ІІІ орынға табан тіреген. Ұландық оқушылардың жетістіктері осылай жалғасып кете бермек.
Білім мен өнер ешкімге артықтық етпейді. Сондықтан да баланың бойындағы қасиетті дамытып, қосымша білім беру ұйымдарына қатыстыру қажет. Одан ұтпаса, ұтылмайды. Еліміздің әр өңірінде осындай шығармашылық үйлері жұмыс істеп, заман сұранысына сай үйірмелер санын арттыра түссе, артта қалмасымыз анық. Өйткені бүгінгі жаһандық өркениет көшінде білімді мен өнерлінің ғана аты озбақ.