KZ
Өскемен
-15°
пасмурно жел 1 м/с, В
498.51 522.84 4.81

Құнанбай мен Абай: рухани жалғастық

e-history.kz

12.12.2015, 09:00 3 Гульжан Мусина

Құнанбай бейнесі Абайдың бізге сақталып жеткен «Арғы атасы қажы еді» деген Әбдірахманды жоқтаған өлеңінде мейілінше  анық ашылған. Бұл өлеңдегі Құнанбай сипаты тек баланың әкеге деген сезімі емес, бір ұлттың мақтанышына айналған данышпан сөз зергерінің, өлең падишасының «мұқым қазақ баласына» қорған бола білген артына, «өлмейтін атақ қалдырған ерекше жанға құрметі, ерекше ықыласы» деп түсінгеніміз абзал.

Құнанбай балаларының ішінде екі баласына үлкен үміт артқан. Халиолланы жастайынан орыс оқуына берсе, Абайды мұсылманша оқытады. Әсіресе, Абайға аса ықылас қойып, Семейде аз жыл оқытып, өзінен кейін тізгінді ұстату мақсатында елге алдырып, жастайынан өз ортасындағы дау-шарға салып жарата түседі. Осылайша Абайдың өмір мектебінде ақылшы ұстазына айналады. Құнанбайдан кейін Тобықтыда елді басқарған Абай болды. Тек Тобықты қана емес, көршілес Найман мен Керей, Уақта Абайдың көзі тірісінде алдына шыққан жан болмағаны аян. Кісі танығыш Құнанбай Абайды  жастайынан мұсылманша оқытып, «Не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтсеңдерші»,- деп үміт артуының ар жағында үлкен сәуегейлік жатыр.

Кеңестік кезеңде Құнанбайдың Абайға таққан үш міні, оған Абайдың қайтарған орайлы жауабын шолақ пайымдап, Құнанбайды тұқыртып, Абайдың әке алдындағы абыройын асқақтатып бағалағанымыз бір жақты түсінік. Жайдақ су сияқтысың, кісі талғамайтын желбегейсің, үшіншісі – орысшылсың деген үш мінінде де еш алып-қоспа жоқ, шындық, орынды кінә. Құнанбайға қарағанда Абайдың жайдақтығы – анық. Екіншісі – кісі талғамай бәрін өзіне жақын тартуы. Одан өмірінде аз азап көрмеген. Бір ғана дәлел – Абайдың Ерболмен достығы. Құнанбай  екеуінің достығын естігенде «Ыбырайдың басын Ербол алады, Ерболдың басын Ыбырай алады» дегені айнымай келеді.  Ербол Абайды сатып қазаға тең қастық істесе, көп ұзамай өзі де ажал құшады. «Көңілім қайтты достан да, дұшпанан да» деп болар-болмас қолдан достық жасаған Абайдың бәрінен түңілетін кезі осы.

Құнанбайдың бір ғана тапқырлығын байқататын ел аузынан жеткен әңгімеге құлақ түрейік. Абайды жер-көкке сыйғызбай мақтап қоймаған жаңағы Ерболға Құнанбай: «Әй, Ербол! Сен мақтағыш болсаң алдымен мына мені Құнанбайды мақта. Неге десең, мен өзімнен асырып Абайды тудырдым. Ал, Абайың мықты болса, өзінен асырып ұл тудырсын. Оны содан кейін мақтарсың қарағым», - деген екен. Қарапайым ғана қайырылған Құнанбай сөзінің астарында сыншыл әкенің асып туған балаға деген толайым көңілімен қатар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар саналы ұрпақтың сұйылмауын меңзеген даналық ой ұшығы жатыр.

Орысшылсың деген міні де орынды. Абайға емес Абайдың заманына кінә артуы деп ұққан жөн. Өйткені, Құнанбайға қарағанда Абайдың заманы орысқа жақын. Сондықтан да Абайдың: «Мен өнер-білімі үшін орысшылмын» деген уәжінің жаны бар. Абайдыкі бұл арада әкеге қарсы шығып дау айту емес, ақталу. Осы бір мін мен Абайдың берген мағыналы жауабында тағы да әке мен баланың ғана емес, бірі елді билеп-төстеп отырған, екіншісі енді ғана ел тізгініне жармасқан екі тұлғаның өз заманына қарай амалдауы аңғарылады.

Әке мен бала арасына сызат салып, бір-біріне қарсы қоюға жұмсалған оқиға – ол Абайдың Құнанбайға ас бермеуі, дәлірек айтқанда астың жаңа үлгісін ұсынған Абайды сол кездегі замандастары қатты сөксе, кейінгі қауым, яғни «Абай жолындағы» «Неге өлмейсің тынышыңмен сен! Заман сенікі емес, менікі! Нең бар» деп Абайдың әкесіне қарата айтқан сөзін санасына қондырып алған кеңестік заманның оқығандары әке мен бала арасындағы араздық деп түсініп келді. Абайдың Құнанабайға ас бермеуі ел ішінде едәуір әңгіме болған. Мәшһүр Жүсіп Көпеев сол кездегі баспасөз бетінде Абайдың әкесіне ас бермеуін сынаған да.

Абайға өкпеледім бөлем еді,
Ас беріп Құнекемді елемеді.
Әкем өлсе мен мұндай қылмас едім
Екі күн ел күткеннен өлеме еді, -

деген өлең жолдары да сол кездегі оқиғадан көп хабардар етеді. Анығында бұл өлең – Әріп Тәңірбергенұлының Абайдың бөлесі Кемелбай дегенге жазып берген өлеңі. Толық өлең сегіз шумақ, яғни отыз екі жол өлең  Әріп Тәңірбергенұлының шығармалар жинағына енген. Бұл өлең Қ.Мұхамедханұлының 1941 жылғы қолжазба жинағынан алынып, жинаққа енді. Қ.Мұхамедханұлы жинаған Әріп өлеңінің бір данасы Семей қаласындағы Абай мемлекеттік қорық-мұражайының кітапханасында сақталса, екінші дана ақын мұрасын жинаушы С.Имаммұсаұлының сақтауымен жетіп отыр. Өлеңнің табиғатын аңдасақ, Абайға қарата айтылған ауыр сөздер болғандықтан кеңестік кезеңде жарияланбай қалғандығы заңды. Ескі көз, естеліктерге қарағанда Әріп Абайға ауырлау тиетін бұл өлеңді өзі жазып бергендігін жария етпегенге ұқсайды. Содан да болса керек, осы өлеңнің аз өзгеріске түскен бір шумағы Шәкәрімнің шежіресінде Кеншімбай (Күшікұлы) ақынның атынан берілген. Ал, толық нұсқа еш жерде жарияланбаған.

Кеншімбай ақын шамамен 1827 – 1849 жылдары өмір сүріп, жастай дүниеден өткен. Құнанбайдың қайтыс болғаны 1886 жыл. Сондықтан да бұл өлеңді Кешімбай жазбаған, Қайымның, С.Имаммұсаұлының айтуынша Әріп жазған. Өлең Абайдың інісі Ысқақ дүниеден өткен соң үш айдан кейін, яғни 1901 жылы жазылған. Өлең табиғаты соны аңғартады.  

Бірақ осы деректерге қарап, Абай дүние-малын қимай, болмаса әкесіне қырын қарағандықтан ас бермеді деуге де болмайды. Дүбірлетіп ас өткізбеудің себебін заман ағымына да саюға болады. Сол уақытта Құнанбай ғана емес, жалпы кімге де болсын дүбірлетіп ас пен той өткізу азайды. Бұл құбылыс жайында тарихшы Құрбанғали Халидтің еңбегінде де айтылған (18). Есесіне, «Абай жаңаша жол бастап, асқа деп арналған қыруар дүние-бұйымдарды, мал-пұлды Семей шаһарына апарғызып, ондаған мешіттің имамдарын, халфелерін, қарияларын т.б. ел басқарушы белгілі азаматтарды жинап, хатым түсіріп, құран оқытып, жетім – жесірлерге мол ғып құдайы садақа бергізіп, тараттырады».

Осы бір жаңашыл істерінен Құнанбайдай құлжадан артық туып, елдегі абыройы  асып келе жатқан Абайдың тұлғасы айқындалып, өзіндік ой-байламдарымен, зор мақсат-мұраттары менмұндалай көрінеді емес пе! Ақиқатына келсек, Абайдың сол замандағы қадамын ас пен тойға малын шашып жатқан бүгінгінің қазағы да ескеріп, содан ғибрат алса асқынып бара жатқан «бекер мал шашпақтық» сәл саябырлар еді...

Құнанбай шешен талай сөз барымтасына түсіп, абыройы асқан шақта әке қасында болған Абай сөздің құдіретін салмақтай берді. Сөйтіп, әкесімен тең сөйлесетін не бір кемелі келіскен жандармен жас Абай да сөз додасына түседі. Соның бірі – Шорманның Мұсасы (1816 - 1885) Баянауылдың аға сұлтаны болған, орыс, француз тілдерін білген сол заманның білімді адамдарының қатарынан. Құнанбаймен замандас, атақ-дәрежесі тең аралас-құраласта бір-бірін сөзбен қағып іштей ырғасып та отырған. Кезекті бір Қаржас пен Тобықты арасындағы ұзаққа созылған дауға екі елдің атынан Мұса Шорманұлы мен Құнанбай түсіпті. Құнанбайдан мүшел жастай кішілігіне қарамастан, оның жеке басына тиісіп, кекете берген Мұсаның тек қуған орысшылдығын бетіне баса келіп былай депті:

                           

                            Пұт болдым деп мақтанба,
                            Пұттан ауыр батпан бар.
                            Білемін деп мақтанба,
                            Асқар – асқар таулар бар,
                            Ар жағында аспан бар.
                            Басыма бақыт қонды деп,
                            Қосылмайды енді деп,
                            Алдаушы жалған дүниеге,
                            Ғапыл болып азбаңдар.
                            Қарсы келген дұшпанның,
                            Басын келіп исе де,
                            Оған да ақыл бостандық,
                            Аяққа салып баспаңдар.
                            Бақ тайса ажарына қарамайды,
                            Біреуді – біреу сырттан табалайды.
                            Басыңа қарапайым бір іс түссе,
                            Қылды деп білместікпен шамалайды.
                            Адам басы алланың добы деген,
                            Дәм тартса әр тарапқа домалайды.
Дәл осы әкесі сияқты Абай да Мұсаны сөзден тосылтқаны бар. Бұл турасында Әуезов Абай өмірбаянында былай дейді: «Бір жылы Абай әкесімен Семейде жатқанда Мұса мен Құнанбай бір-біріне барысып, жүз көрісіп жүретін болса керек. Сол ретпен бір мәжілісте отырғанда Мұса (тегі Құнанбайдың сұраумен болса керек) үйдегі балаларының атын атап Садуақас деген баласы барлығын да айтса керек. Сонда Абай: «бір адамға екі бірдей кісінің атын қояды екен? Ол Сағды бин Уақас деген әкелі-балалы екі кісінің аты емес пе?» депті. Осыдан Мұса Абайдың тілін еске алып қалса керек. Екінші бір жерде, Абайдың бірталай кісінің мәжілісінде кіршіме ішіп отырған үстіне келіпті. Отырған жұртпен бірге Мұсаны Абай да мәжіліске кірісуге шақырғанда, ол кісі: «Жоқ, бұл нәрсенің аты кіршіме тегі ноғайдың «кіршіме» деген сөзінен болса керек. Сондықтан кіріспегенді мақұл көремін», - депті, бұл сөзге Абай: «Менің ойымша, ең әуелі бұл сөз ноғайдың тілі емес, парсының «гәршама», «шамаңа қарай» деген сөзінен болуға қисынды. Екінші – әрбір нәрсенің «ісміне» қарай «жемисін» ала мажимисіне қарай ісмін ала ма? «Алма» деген жемістің аты, сол атына қарап алмаймыз ба?» - депті.

Әкеден балаға жалғасып жатқан тауып айту, сөзден тосылтудың осындай үлгілері ел ішінде сақталып, жасамықтай бөлігі бүгінге жетіп отыр.

Әке Құнанбай мен бала Абай арасындағы рухани жалғастықтың мәні неде? Абай Құнанбайдан не алды деген қарапайым сауалдың түп-төркінін санамалап айтар болсақ, ең алдымен, отбасындағы тәрбиеден бастап, ел ішіндегі үлкен әлеуметтік істерінде Абай тікелей әке ықпалында болды.

Ескі тарих, халықтық әдеби мұралар, ұлттық өнер, шешендік нұсқалар тағы-тағыларды тануы Абайға Құнанбай арқылы келді. Қазақтың қара сөзінен қаймақ ағызған ділмар-шешен, Құнанбайдың бізге аз сақталып жеткен ойлы өлең өрнектері – Абай бойындағы ақындық алауды тұтандырды. Құнанбай қазақ мәдениетін танып-білуде ғана емес дін мен саясатта да Абайға ұстаз бола алды. Осы алғышарттар – әке мен бала арсындағы рухани жалғастықтың салмағын аңғартатын дүниелер болып табылады.

 Бауыржан Ердембеков

филология ғылымдарының докторы

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу