Мұсылманда атақты… (Құнанбай қажы туралы бірер сөз)
Фото: e-history.kz
Әңгіме данышпан Абайдың әкесі – Құнанбайдың бойындағы жай адамға қона бермейтін ерекше қасиеттері жайында болмақ.
Кісі танығыш Құнанбай Абайды жастайынан мұсылманша оқытып, «Не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтсеңдерші»,- деп үміт артуының ар жағында үлкен сәуегейлік жатыр.
Абайдың дүниеге келуі туралы да таңғажайып әңгімелер ел аузында сақталған. Әсілі, болашақта халықтың зор құрметіне бөленер айтулы тұлғалар дүниеге келгенде тылсым табиғат бір белгісін бергендей бірде күн тұтылса, бірде қатты күн күркіреп, сел құйып немесе т.б. оқшау мінез көрсетіп қалатын құбылыстарды қазақ халқы тәңірдің ісіне балап жататыны бар.
Абай елінде ақынға Ибрагим деп ат қойған Тұңғышбай Ешен деген әулие туралы шындыққа жанасымды әңгіме сақталған: «Тұңғышбай Ешен жыл сайын Түркістанға барып, Әзірет сұлтанға зиярат етіп, түстіктегі әулие-әнбилерге дұға қайырып, Бұхарға дейін барып қайтады екен. Бұл сапары кейде 3-4 айға созылса керек. Бір сапарынан кеш, ел қыстауға қонған соң оралып, үйіне де соқпай Жидебайға кеп, Құнекең үйіне түсіпті.
Құнекең:
Ешен:
Құнекең Ешенге арнап мал сойғызып, келу жөнін сұрағанда Ешен Зере шешесі, семіз жеңгесі (Ұлжан), мырзаның өзіне ғана айтары барын айтып, үйді оңашалатып сөлеген екен.
- Әзірет сұлтанға зират етіп, атбасын Бұқарадан қайырып, Ибрагим ата басына түнедім. Сол түні сізге қатысты бір ғажап түс көрдім. Түсімде осы Жидебайда өзім көріп, білмеген бір ғажап аспанды тіреген заңғар шың орнапты. Ғажаптанып, бұрын бұл шың жоқ еді ғой деп, жоғарыға қарасам сіз, сізден төмен семіз жеңешем екеуіңізді көрем. Сіз түрегеп тұрсыз. Ал отырған жеңешемнің етегі әлгі шыңнан асып Шыңғыстауды орап алған сияқтанды. Бұған тағы ғажаптанып, шыңның ұшар басына қарап едім, сіздің артыңыздан басы асқан бір жігітті аңдадым. Бірақ, түсін көре алмадым. Осыдан соң тағатым қалмай, үйге соқпай, сізге, би шаңырағына келдім.
Ешеннің түсін естіген Зере әже қолма-қол ақсарбас шалып, етін жұртқа таратқызып жіберіпті:
Ешен әулие туралы деректер жоқтың қасы. Кеңестік кезеңде әулие-әнбиелерге қырын қараған саяси көзқарастың салдары. Абайдай данышпанның жарық дүниеге келуін алдын-ала болжап, есімін қойған Ешен әулие туралы зерттеп, болашақта Абайдың өміріне қатысты еңбектерде алдымен сөзді Ешеннен бастаған жөн сияқты. Әсіресе, Абайға, Шәкәрімге қатысты энциклопедияларда Ешен әулиеге қатысты дерек берілсе, нұр үстіне нұр.
Ешен әулиенің тегі Тобықты-Көкшенің Байқошқар деген атасынан тарайды. Мамай батырдың жасағындағы шеп бұзған ерлердің бірі – Мәтен батырдың немересі. Құнанбайдан төрт-бес жас кішілігі бар Тұңғышбай Ешенді қажы өте қатты құрметтеген.
Ешеннің көріпкелдігі, әулиелігі туралы ел аузында қалған аңызға айналып бара жатқан өнегелі әңгімелерді шежіреші Б. Исабаев келтіреді.
Тұңғышбай Ешенді пір тұтып, соңынан ерген шәкірттері де болған. Соның бірі Кеңгірбай би немересі – Нұралыұлы Шынқожа. Осы кісі Ешеннің шәкірті бола жүріп кей-кейде ұрлыққа кірісіп кетіп, намазға салғырт қарай бастапты. Соны аңғарған Ешен көп адам қатысқан бір намазда: «Ей, Шынқожа жан-ай, Шынқожа жан-ай, Змейауда доңыз бағып жүріп өлесің-ау» – деп қасынан аластапты. Әулиенің айтқаны келіп Шынғожа ұрлықтан Құнанбай айдатқан Жігітектің он жетісінің ішінде кетіп, Сібірдегі «Змеева» деген қыстақта (селода) шошқа бағып жүріп өліпті... Ешен денелі, анау-мынау ат көтере алмайтын кісі болған. Таңдап мінген аттары Үлкен ақ сирақ, Кіші ақ сирақ, Кенже ақ сирақ деген Мамай Асаубай дегеннен таңдап мінген қоңыр аттары екен. Шамамен, 1880 жылдары сексенге жетпеген әулиенің астындағы Кенже ақ сирағы шөке түсіпті. Тақымын қысып тұра қалған Ешен қасындағыларға:
Тұңғышбай Ешен әулие туралы ел аузындағы деректерді тектен-тек келтіріп отырған жоқпыз. Дүниеден өткен әулиенің басына әдейілеп ат басын бұрып, есімін құрметпен еске алатын Абайдың Ешенмен көзі тірісінде аса жақын сыйластықта болғаны даусыз. Өкініштісі көріпкел мен ақын арасындағы қарым-қатынас туралы бізге еш дерек жетпеген сыңайлы. Әйтсе де, Құнанбаймен аса жақын сыйлас болған, дана перзенттің дүниеге келерін күні бұрын болжап, атын Ибрагим қойған Тұңғышбай Ешен әулиенің есімі абайтану ғылымында өз орнын алуы тиіс.
Әулие-әнбие, бақсы-балгерлерге біржақты қарап келген көзқарастар көбінің атын ұмыттырып, өз дәрежесінде бүгінгі ұрпаққа жетуіне үлкен кедергі болғаны белгілі. Ешен әулиемен бір елден (Тобықты-Көкше елінен) шыққан Шаһар бақсы деген де қобызын бәйгеге қосқан (М. Жұмабаевтың «Қойлыбайдың қобызы» поэмасында суреттелгендей Б.Е.) керемет бақсы болған деседі. Шаһардың сол қасиетті қобызы бүгінде көненің көзі Сіләмбек Берікбайұлы (Берікбай Сәтиұлы сексен жасында Абайдың дүниеден өткеніне 10 жыл толуына арналған кеште қобыз тартып, өнер көрсеткен Б.Е.) арқылы Семейдегі Абайдың қорық-мұражайында сақтаулы.
Міне, осындай Алла бойына ерекше қасиет дарытқан адамдармен жақын жүрген Құнанбайдың да бойында дара қасиеттер жетерлік болған. Бір ғана емшілік қасиетінің айғағы - ауырып жатқан Абайды қара ешкінің майымен сылап емдеуі. Көзімен көрген поляк зерттеушісі А.Янушкевич былай дейді: «...Қазір асқазаны ауырып жатқан баласын Құнанбай осындай әдіспен емдейді: қара ешкіні сойып, оның майын көк белбеуге жағады да, онымен баланың ішін айналдырып байлайды. Бұл маймен денесін де сылады».
Б. Исабаевтың естелігіне жүгінейік: «Абай 9 жасында есінен танып, қатты ауырып анасы жолаушы жүрген әкесін шақыртып апты. Құнекең іңірде, Ұлжанды ғана ертіп, есін білмей жатқан Абайдың денесін көреді. Жарықтықтың ыстығы бет шарпыпты. Денесі білеу-білеу боп іскен, қып-қызыл екен.
Құнекең:
Тірі күнінде ел әулиедей табынған Құнанбайдың дүниеден өткен соң даңқы арта береді. Ахат Шәкәрімұлының естелігінде сөзге шешен, өжет, ер мінезді Ботантай ананың адуыны туған-туысқа мәлім болғандығы жайында төмендегідей дерек келтіріледі: Ботантай ана: «Менің тілім олар түгіл (туыстарын айтады Б.Е.) Тәтеме де тиді (Тәтесі – Құнанбай Б.Е.). Тәтем қартайғанда қарғап, «баламды (баласы Әмір Б.Е.) өлтірді оңбаған шал» - дедім ғой. Содан Тәтем өлген соң, мені аруағы атып, көзіме ақ түсіп, көрмейтін болып қалдым. Тәтемнің зиратына барып, қабірін құшақтап: «Кеш, Тәте!» - деп жылап, топырағын алып көзімді сүртіп, содан көзім жазылып, бір көзімде ғана ақ қалды», - дейтін.
Анығында Құнанбай «Абай жолында» суреттелгендей Әмірді қылқындырып, теріс батасын бермеген. Қажының салдық құрып жүрген немересіне шын ренжігені ақиқат...Көркем туындыда бұл оқиғаның бояуы қалыңдатыла суреттелгені жайында Б.Сапаралының «Құнанбай қажы» еңбегінде егжей-тегжейлі айтылған. Ботантай ананың сөзі Қажының немересіне деген ашуын аңғартады.
Алланың құлы – Құнанбайдың ерекше қасиетін айғақтайтын бір дерек кемеңгер Әуезов эпопеясының соңында Абай Мағаштың зиратының басында тұрып Баймағамбетке бір-ақ ауыз сөз айтыпты деп келетін ой үзігі кейінгі басылымдардан алынып тасталған.
Баймағамбет сонда былай деген ғой: «Абай моладан шыққан бетінде:
Тірісінде аузы дуалы болған Құнанбайдың өлген соң да қасиеті мен киесінің пәрменін осы айтылғандардан-ақ анық сезінеміз.
Бауыржан Ердембеков
филология ғылымдарының докторы