ШҚО-да роботтық техниканы жетік меңгерген жастар “кім мықтыны” анықтамақ (видео)
Өскемендегі О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде «Еast Drones and regional first championship» атты республикалық байқауы өтуде. Айтулы жарыстың ашылу салтанатына ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысты,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Байқауға 40-тан астам жас қатысып, бақтарын сынауда. Айтулы жарыс барысында Oskemen IT-Hub жетекшісі Дидар Мұратұлы жастарға сәттілік тіледі.
Цифрлық технологияның түпкі мақсаты адамдардың физикалық күш жұмсауын азайтып, ақыл-ой мен шығармашылық жұмыстарды атқаруына жағдай жасау. Өркениеттің маңызды жетістігін пайдаға жаратып, қолдана білу – қоғам сұранысы.
Цифрлық технология – қазір елімізде қарқынды дамып келе жатқан үлкен бір сала. Зерттеушілердің пікірінше, алдағы 5-10 жылда күнделікті өмірде, сервис, логистика және транспорт, машина жасау өнеркәсібінде роботтарды кеңінен қолдана бастаймыз. Сол уақыт жеткенде қазір осы саланы меңгеруді қолға алған жастар білікті маман болары даусыз. Робот құрастыру мен оны бағдарламалау қазіргі жастар арасында сұранысқа ие. Олардың қызығушылығы өте жоғары. Солардың бірі - Темірлан Абылахан. Ол жарысқа қатысу үшін Семейден келген екен.