Марқакөл ауданында ветеринариялық қызметке 7 жаңа техника берілді
Марқакөл ауданының басты саласы – ауыл шаруашылығы. Бүгінде өңірде негізінен етті мал шаруашылығы өркендеп келеді. Ауданда 32,7 мың ірі қара, 54,2 мың қой-ешкі және 19,4 мың жылқы бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Биыл алғашқы жарты жылдықта аудан шаруашылықтарында 1,9 мың тонна ет өндірілген. Бұл Шығыс Қазақстандағы жалпы көлемнің 2,7 пайызына тең. Оның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдарының үлесі 0,6 мың тонна болды.
Мал шаруашылығы саласындағы табысты арттыру үшін ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасы да жаңартылып жатыр. Биыл облыста 12 жыл ішінде алғаш рет ветеринариялық ұйымдардың автопаркі толық жаңартылды. 132 жаңа техника сатып алынды, оның ішінде Марқакөл ауданына 7 бірлік техника берілді.
Кездесу барысында егістік пен суармалы жер мәселесі де сөз болды. Аудан көлемінде 14 мың гектар егістік жер бар, соның 5,4 мың гектары суармалы жерге жатады. Бірақ Орта-Теректі су қоймасының қанағаттанарлықсыз жағдайына байланысты бұл алқаптар қазір пайдаланылмай отыр. Өткен жылы су қоймасына кешенді тексеру жүргізілді. Ал биыл қойманы қайта жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда.








