KZ
Өскемен
-12°
пасмурно жел 1 м/с, СБ
498.34 519.72 4.85

Миллион қоңырау қабылдаған маман

19.10.2023, 14:14 1 977 Ләззат Қанатқызы

Дмитрий Поповтың Төтенше жағдайлар қызметіндегі жұмыс өтілі – 19 жыл. Өзінің еңбек жолын басқару орталығының диспетчері болып бастаған. Осы жылдар аралығында ол миллионға жуық қоңырау қабылдағанын айтады.

Диспетчер маманның қиындығы мен қызығы туралы Altaynews.kz тілшісі Дмитрий Поповтан сұрап білген болатын.

- Төтенше жағдайлар қызметіне қалай келдіңіз?

– Достарымнан жұмысқа қабылдап жатқанын естіп келген болатынмын. Басында өрт сөндіруші болып жұмысқа қабылдандым. Кейін 2009 жылы Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының диспетчері қызметіне шақырылдым. Бәрі оңай болды деп айта алмаймын. Десе де, 14 жылдың ішінде мамандығымның қыр-сырын толықтай меңгеріп алдым. Мамандық таңдаудан қателеспегеніме сенімдімін.

- Бұл мамандық сізге несімен ұнайды?

– Өз мамандығымды жақсы көремін. Себебі біз адамдарға бірінші болып көмекке келеміз. Төтенше жағдай орын алған алғашқы минуттарда да қарапайым халыққа қол ұшын беруге тырысамыз. Кейде бізге хабарласып, қатты қорыққаннан немесе сасқалақтағаннан барлығын ұмытып қалатын адамдар болады. Ондай кездерде біз оларды тыныштандырып, қолдау көрсете білуіміз керек.

- Есіңізде қалған ең қиын оқиға туралы айтып бересіз бе?

– Риддердегі орман өрті. Бұл күні барлық қоңырауларға жауап бере отырып, өрт аймағына жіберілетін күштер мен құралдарды үйлестіріп үлгеру керек болды. Одан кейін өткен жылы Глубокое ауданы мен Өскемен қаласында бір мезгілде таулы жерден өрт шықты. Құрғақ шөптің жануына байланысты да көптеген қоңыраулар түсті. Осындай кездерде біз тұрғындарды сабырға шақырып, техника жіберіп және оқиға орнынан ақпарат алып отыруымыз керек. Қиын болғаны рас, бірақ біз өз қызметімізіді мүлтіксіз орындай алдық.

Негізі өрт аймағына қанша бригада және техника баратынын да диспетчер шешеді. Ол тапсырма өте шұғыл, яғни 1 минуттың ішінде орындалуы керек. Бұл жерде тәжірибе де рөл ойнайды ғой. Мәселен, аздаған қоқыс үйінділері өртеніп жатса, төрт адамнан құралған бір бригада жіберіледі, ал үй отқа оранса, екі-үш бригада жібереміз.

- Білікті маман болу үшін қандай қасиеттерге ие болу керек?

– Жауапкершілік, стреске төзімділік және, жоғарыда айтып өткенімдей, хабарласқан адамдарды тыныштандыра білу керек.

- Өрт аймағындағы өрт сөндірушілермен қалай байланыс орнатасыз?

– Радио станцияларының көмегімен. Сол арқылы жұмыс істеп жатқан бөлімшелерден ақпаратты тез қабылдаймыз. Әр бөлімнің өзіндік қоңырау белгісі бар. Өрт сөндіру басшысынан радиостанция бойынша өкімдер келіп түседі. Диспетчер өрт сөндіру автомобильдерінен басқа жедел жәрдем қызметін, полицияны, қажет болған жағдайда коммуналдық қызметтерді де жібереді. Мұның бәрі оқыс оқиға болған жердегі жағдайға байланысты жүзеге асады

- Тұрғындар өрт оқиғаларынан басқа қандай өтінішпен хабарласады?

– Көбінесе жануарларды құтқару, ағаштан немесе басқа жерлерден түсе алмай қалғанда, кішкентай балалар қыстырылып қалып жатады, кейде тұрғындар тамақ істеп жатқан пешті өшіруді ұмытып кетеді. Тіпті тұрғын үйдің кіреберісіне аю кіріп кетпек болған жағдайлар да болған.

 - Отбасыңыздың сіздің қызметіңізге көзқарасы қандай?

– Біз ауысыммен жұмыс істейміз. Бірақ отбасым барлығын жақсы түсінеді. Қазір үш балам бар, оларға менің жұмысым өте қызық.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу