KZ
Өскемен
+3°
пасмурно жел 4 м/с, З
489.36 533.45 4.99

Балық өсіруге не кедергі?

30.07.2024, 11:36 241 Ержан Әбіш

Соңғы жылдары әлемнің озық елдері балық аулауды азайтып, бар күшті оны өсіруге салып отыр. Ол түсінікті де, өзен-көлдердің, теңіз-мұхиттардың ресурсы сарқылып барады, ал балық өнімдеріне деген сұраныс артпаса кемімек емес. Біздің еліміз де осы бағытты қолға алған. Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес алдағы алты жылда облысымыз жыл сайын 10 мың тонна балық өсіруге тиіс. Бұл межеге жете аламыз ба?

Ел Үкіметі бекіткен Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес 2030 жылға қарай облыста жыл сайын 9774 тонна тауарлы балық өсіру жоспарлануда, оның 8578 тоннасы – албырт, 1151 тоннасы – тұқы, 45 тоннасы – бекіре тұқымдас балық түрлері. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

– Жоспар бойынша албырт (форель) өсіру көлемі «Шығыс Универсал» ЖШС және «Гранд Фиш» ЖШС секілді екі албырт шаруашылығын, сондай-ақ Бұқтырма су қоймасындағы 7 учаскеде құрылған тор желілерін кеңейту есебінен арттырылады. Ал, тұқы өсіру көлемі 18 балық шаруашылығын және «Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы» ЖШС-нің қуаты 773 тонна болатын тоған шаруашылығын жобалық қуаттарына жеткізу арқылы ұлғайтылмақ. Бекіре тұқымдас балықтар бойынша көрсеткішке «OstFish» ЖШС-не қарасты қуаты 45 тонналық бассейндік зауыттың есебінен қол жеткізу көзделіп отыр, – деді Зайсан-Ертіс облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Талғат Рахымжанов.

Былтыр облыс бойынша 1746 тонна балық өсіру жоспарланған болатын, нақты өсірілгені – 2233 тонна. Осы жылға жоспарланған көлем – 2000 тонна. Алғашқы бес айда өсірілгені – 1217 тонна, оның ішінде албырт – 1007 тонна, тұқы – 171 тонна, бекіре – 27 тонна, шаян – 12 тонна.

Тауарлы балық өсіру үшін арнайы азық қажет. 2030 жылға қарай жемге деген қажеттілік 15 мың тоннаға жетпек. Бүгінде албырт және бекіре түрлеріне импорттық азық «Аллер Аква» компаниясы арқылы Алматыдан жеткізіліп жүр. Былтыр 1700 тонна жем әкелінген. Отандық балық азығының келісі – 500-700 теңге, ал Дания мен Финляндияда өндірілген азықтың келісі 2000 теңгеге дейін жетеді. Мәселені шешу үшін Өскемен ұн тарту комбинаты тұқы азығын шығара бастады. Өткен жылы олар 115 тонна балық жемін өндірген.

2030 жылға қарай балық өсіруге 16 миллион дана шабақ қажет болады. Былтыр Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы 6,5 миллион дана тұқы шабағын өсірді. Ал, «Шығыс Универсал» ЖШС инкубцехінде 69 миллион дана ақсақа дернәсілі алынған. Өкінішке қарай, форельдің шабақтары мен ұрықтандырылған уылдырығы әлі күнге дейін Алматыдан, тіпті Польшадан тасылып келеді. Сол себепті өткен жылы «Шығыс Универсал» ЖШС уылдырықтан 500 мың дана албырт шабағын өсірді. «Гранд Фиш» ЖШС 183 мың дана албырт шабағын, 450 мың дана ұрықтандырылған уылдырық әкелді, өзінің инкубцехында 320 мың дана форель шабағын өсірді. «OstFish» ЖШС 10 мың дана бекіре шабағын өсіріп шығарды. Осылайша, кәсіпорындар облысты балық өсіру материалымен қамтамасыз етуде.

Былтыр облыстағы балық өсірушілердің инвестиция салу кезіндегі шығындарының бір бөлігін өтеу үшін 51 миллион теңге субсидия берілді.

2022 жылдан бастап жергілікті бюджеттен өтелуге жататын субсидиялар тізімі кеңейтіліп отыр. Енді балық азығын, балық өсіру материалдарын, дәрілерді, аналық балықтарды сатып алуға және биологиялық негіздеме әзірлеуге арналған шығындардың бір бөлігі өтеледі. Осыған байланысты биыл жергілікті бюджеттен 189 миллион теңге субсидия бөлінген.

Көріп отырғандарыңыздай, балық өсіру ісінде үлкен кедергілер жоқ. Қажетті азық, жем өзімізде өндіріле бастады, тұқым да жеткілікті, инкубациялық цехтар істеп тұр, мемлекет тарапынан тиісті көмек-қолдау да қарастырылған. Сондықтан алдағы бес-алты жылда өсірілген балық көлемін бес есе арттыруға толықтай негіз бар. 

Осы ретте қосарымыз, өзен-көлдердегі балық санын сақтау мақсатында жыл сайын су айдындарына балық жіберу көлемі де ұлғайып келеді. Соңғы бес жылда балық жіберу көлемі 10,5 миллион данадан 77,3 миллион данаға дейін, яғни 7 есе артқан.

Биыл көктемде балық шаруашылықтарының су айдындарына 25 миллион дана ақсақа шабағы жіберілді. Су айдындарын балықтандыру алдағы күзде жалғаспақ. Олар – негізінен сазан, тұқы, ақ амур, ақсақа сияқты құнды балық тұқымдары.

Сонымен қатар маусым айында «OstFish» ЖШС Қара Ертіс өзеніне 500 дана біржылдық Сібір бекіресі шабағын жібергенін айта кеткен жөн.Осылайша мамандар бір кездері жоғалып кеткен балық түрін қайта қалпына келтірмек.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив