KZ
Өскемен
-13°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Самардың алтын қолды Оралбегі

18.07.2024, 15:19 121

Ұлан-байтақ сахараны емін-еркін сайрандаған бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігіне бір сәтке болсын үңіле қалсаң, ұшы-қиыры жоқ салт-дәстүрдің, не түрлі өнердің, өзге елде атымен жоқ ырым-жырымның түр-түрін көруге болады.

Солардың бірі ықылым заманнан үзілмей келе жатқан ұсталық, зергерлік өнер түрлері. Бүгінгі таңда атадан балаға жеткен ұсталық пен зергерлікті кәсіп етіп жүрген қазақ шеберлері жоқ емес, бар. Бірақ аз. «Саусақпен санарлықтай ғана» деуге болады. Сол саусақпен санарлық шеберлердің бірі – он саусағынан өнер тамған Самардың алтын қолды Оралбегі.

Оралбектің әке-шешесі 1988 жылы  ҚХР Алтай өлкесінен көшіп, Күршім ауданына қарасты Бурабай ауылына ат басын тіреген екен.

– Мен ол кезде бар болғаны 16 жаста болатынмын. Бурабай орта мектебінен білім алдым. Бала күнімнен сурет салуға әуес боп өстім.

Сурет салуда әлдекімге еліктедің бе, әлде ата-анаң сурет салуға итермеледі ме?

– Жастайымыздан табиғат аясында өскендікі ме, кім білсін, қолым қалт ете қалса сурет салғым кеп тұратын. Шешем ою ойып, сырмақ басатын. Әкем ұста болған адам.

Мектеп бітіргесін араға бір жыл сап Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық университеттің көркемсурет кафедрасына оқуға түстім. Дипломдық жұмысымда зергерлік өнерін таңдап, ұстазым Болат Атамқұловтан қорғадым. Содан, сол мұғалімдік мамандықпен Алматыда бір-екі жыл мектепте мұғалім боп жұмыс істедім. Осы аралықта Алланың қалауымен бас құрап, шаңырақ көтердім. Келініңіз де сол Алтайдың Құлжасынан болып шықты. Ол да мұғалім, бітіргені сәндік-қолданбалы өнер.

 

Таланты бар баланы қамқорлыққа алады

 

Самарға қалай келіп жүрсіңдер?

– Самарға келуімізге «Дипломмен – ауылға» деп аталатын, жас мамандарды ауылды жерлерде қызмет етуге үндеген мемлекеттік бағдарлама түрткі болды.

 

 

Сол бағдарлама бойынша келіп, жұмысқа орналастық. Көп ұзамай өкімет алғашқы көмектерін және осы тұрып жатқан үйді берді.

Ореке, «Шөп тамырсыз болмас» деген ғой. Осы зергерлік өнер өз жұртыңызда немесе нағашы жұртыңызда біреулерде болған-ау шамасы?

Дұрыс айтасыз. Менің атам, яғни, әкемнің әкесі түбі Зайсан өңірінен екен. Кешегі алағай да, бұлағай заманда арғы жақта қап кеткен ғой. Ол кезде атам бар болғаны бес-алты жасар ғана бала екен. Міне, сол кісі қара металдан қылыш, қалқан, найза, жебенің ұшы секілді, т.б. қару-жарақ түрлерін соғатын көрінеді.

Қара металл дейсің бе? Зергерлік бұйымдар әдетте алтын күміс, жез секілді түсті металдардан жасалмай ма? Сонда қара металмен ұсталар, түсті металмен зергерлер жұмыс істеген боп тұр ғой? Жалпы ұсталық пен зергерліктің тамыры бір емес пе?!

– Әкемнен естуімше ұсталық өнер «қара ұста» және «ақ ұста» деп екіге бөлінеді екен. Қара ұсталар жоғарыда айтқандай, ою-өрнек, сәндік әшекей, безендірулерді қажет етпейтін қару-жарақ түрлерін, үзеңгі, таға, т.б. заттарды соқса, ақ ұсталар сол ат әбзелдерінен бастап сақина, білезік, сырға секілді нәзіктікті, әдемілікті, дәлдікті қажет ететін зергерлік бұйымдар жасайды.

Біз Бурабайда тұрғанда әкемнің шағын ғана ұстаханасы болды. Сол ұстаханада отырып-ақ аттың тағасын соғып, елдің ат арбасын жөндеп, тесілген қазаны мен кәстрөлдерін жамап-жасқап, ат әбзелдерін әшекейлеп беретін. Мен соның бәрін көріп өстім. Ұзақ күн әкемнің ұстаханасында жүрем және жәй жүрмейсің ғой. «Балғаны бере сал. Қысқышты әпере ғой. Мынаны ұстап тұр. Көрікке от тастап қой» деген секілді бір-бірімен сабақтас бұйрықтарды бірінен соң бірін орындап жүріп-ақ кешкісін мұрттай ұшып түсесің. Әкем осы ұсталығымен-ақ сол жердегі жұртқа сыйлы әрі сыйымды болды.

Әу баста сурет салдым дедің ғой, кейін қойып кеттің бе?

– Жалпы сурет салу өнері де айта салғанға оңай. Оның да өзіндік қыры мен сыры, талабы мен талғамы бар. Мен сурет салғанда «живопись» дейді ғой, сол табиғат көріністерін салуға жақын болдым. Көбінесе жаз айларында да шыңдарынан қары ерімеген таулар, таудан құлап аққан асау өзендер, шапқан ат, ұшқан қыран деген сияқты.

Сурет салудан белгілі бір дәрежеде көсеткіштерге жете алдың ба?

– Ондай айта қаларлықтай көрсеткіштерім жоқ. Дегенмен, сол кездегі салған картиналарым өзімнің де, өзгелердің көңілінен шығатын. Кейін оқуға түсіп зергерлікті таңдағасын сурет салу біржолата қалып қойды.

Он төрт жасқа дейін Қытай елінде оқыдың ғой. Сұрайын дегенім, ол жақта өнерге бейімі бар балаларға мемлекет тарапынан қаншалықты және қандай дәрежеде көңіл бөлінеді.

– Алтыншы-жетінші сыныпта оқып жүргенімде сурет пәнінен сабақ беретін, ұлты ұйғыр мұғалім ағайымыз болды. Сол кісі мектептегі балалардың арасынан сурет салуға бейімі барларын іріктеп ап, мектеп бағдарламасынан тыс өзі сабақ жүргізетін. Сабақтан тыс уақытта да Балалар шығармашылық үйіне барып, тәлім-тәрбие алатынбыз. Сол кездерде түрлі конкурстарға қатысып мақтау грамотасын, медальдар алып, газетке шығып бір желпініп қалған кездеріміз де болған. Қытай елінде білімімен, әлдебір өнермен немесе спорттық бағытта көзге түскен талантты оқушыларды ішкері жаққа, үлкен қалаларға алып кетіп, мемлекет қамқорлығына алатын.

Зергерлік бұйымдарды жасауға қандай металл ыңғайлы, ол материалды қайдан аласың?

– Алтын – өте нәзік әрі қымбат металл. Оны қалтамыз да көтере бермейді. Сосын ол ерітіп-балқытып, жонып-қыруға тым нәзік. Қаттырақ ысқылап, егеп әне-міне істесең грамы азайып қалады. Сондықтан алтыннан жасалған бұйымдарға жөндеу жұмыстары болмаса, толықтай тапсырыс алуға бел байлай бермейміз. Ал күмістің орны бөлек. Сосын, күмістің өзіндік қасиеті бар ғой. Айталық, бойында сырқаты бар адам таққан күміс қарайып кетеді екен. Сол арқылы адамның денінің саулығын білуге болады. Ертеректе патша сарайларында у қосылған тағамды да күміс қасық арқылы тексерген дейді. Егер тағам уланған болса, таза күміс дереу қап-қара боп қарайып кететін көрінеді. Негізі біздің халық күнделікті тұрмыс-тіршілігінде алтыннан гөрі күмісті көп қолданған. Қайсыбір деректерге үңілсең бір байдың қызының бойында, (алқа, сырға, білезік, шолпы, шашбау, т.б.) жалпы салмағы үш келіге жуық күміс бұйымдар болады екен.

 

«Көшеде айналамды байқап жүрем...»

 

Шығармашылық ізденіс деген болады. Ол өзің секілді зергерлерде де бар шығар? Мысалы, біреудің қолынан немесе құлағынан өрнегі, безендірілуі әдемі бір зергерлік бұйым көріп қалсаң қайтесің?

– Ең бастысы – не нәрсені болмасын істеуге деген қызығушылық пен еңбекқорлық қой. Қазір интернеттің заманы, «Ненің үлгісін, қайдан алам?» дейтін емес. Үлгі де көп, зергерлік бұйымдар жасауға арналған мини-станоктар, басқа да құрал-саймандардың түр-түрі толып тұр дүкендерде.

Бұл жердегі мәселе бұйымдарды жасауда ғана емес, оның қаншалықты сұраныста екендігін де ескеруіміз керек. Жасаған дүниеңді ешкім алмаса, оны жасай берудің қажеті қанша? Жасаған бұйымың өтімді болуы үшін ол алушы қызығатындай әдемі, нәзік, ерекше болуы керек. Ол үшін шеберлік қажет.

Өзім былайғы уақыттарда көшеде, көлікте болсын жүрген кездерімде айналамды байқап, қарап жүрем. «Әйел адамдар нендей формадағы бұйымдарды көбірек қолданады екен?!» деп.

Зергерлік бұйымдарды көбінесе арнайы тапсырыспен жасайтын шығарсың? Сосын, мысалы үшін сенің жасаған бір сырғаң әдемі болса да, кез келген адамның бет-пішініне жараса бермеуі мүмкін ғой?

– Әрине, бір зергерлік бұйым кез келген адамға жарасып кете бермейді. Бұл жерде ең алдымен тапсырыс берушінің таңдауы мен талғамы ескеріледі. Айталық, тапсырыс берушінің көздері көк болса, сақинасы мен сырғасына көкшілдеу тас таңдауға болады. Біреудің бет-пішіні дөңгелек болса, енді біреудікі сүйірлеу немесе атжақты боп келеді. Бұйымды жасау барысында осының барлығы ескерілуге тиіс.

Жасаған бұйымдарыңды қалай, кімдерге және қаншаға бағалап өткізесің?

– Біржолата зергерлік бұйымдар жасап, соларды сатуды әзірге бір жүйелі жолға қойып, бизнес ашқан жоқпын. Ұнатқандарын жақын-жуықтарымыз өздері таңдап сатып ап жатқан болады. Оның өзінде қатып қалған нақты баға жоқ. Біреу асырып берсе, енді біреуінің бергені пайда таппақ түгілі, шығарған шығыныңды да жаппайды. Сол алғандардан жұмысымды көріп ұнатқандар, іздеп кеп тапсырыс беріп жатады.

Бағалау жағына келетін болсақ, мен материалдардың барлығын, күмісті де, оған орнататын түрлі-түсті тастарды да, желім, т.б. қажетті әне-мінені сатып аламын. Айталық, бір сырға соғуға, оны оюлап, зерлегенің бар, т.б. орта есеппен 15 мың теңге шығын шықса, мен ол сырғаның бағасын 30 мың теңгеге бағалап қоямын.

Бұл арзан емес пе? Дүкендерде тұратын осыған ұқсас дүниелер бұдан бірнеше есе қымбат қой?!

Дүкендегі дүниелер таза бизнес қой. Олар дайын бұйымның өзін бір жерден бір бағаға сатып әкеп, өз бағасын қойып саудалай береді.

Сабақ беріп жүрген шәкірттеріңнің арасында зергерлікке бейім оқушылар бар ма?

– Бар, әрине. Оларға сол зергерліктің қыр-сырын, материалдардың түрлерін, безендіру тәсілдерін, т.б. үйретем. Әзірге зергерлік өнерге деген қызығушылықтары жаман емес.

Бір сағатқа жуық әңгімеден ұққанымыз, Оралбек бауырымыз зергерлік бұйымдар жасап, оны саудалап пайда тауып отырған жан емес. Бұл – оның хоббиі десек те болады. Алайда оқыған-тоқығаны бар, жоғары білімді зергер мектеп бағдарламасындағы сурет, еңбек секілді пәндерді бір-біріне қосып тастағанына көңілі толмайтын секілді. Себебі «Әр пәннің өз орны, әр оқушыға өзіндік берері бар!» дейді зергер.

Үйінің бір бұрышынан ашып алған шағын ғана шеберханада отырып, бабадан қалған зергерлік өнерді заман талабына сай өрістетіп, жас буынға үйретіп отырған алтын қолды шеберге саулық пен сәттілік тіледік.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу