V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны: Мергендердің дайындығы мығым
Астанада қыркүйекте өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында садақ атудан ұлттық құрамамыз да өнер көрсетеді. Дүбірлі додаға дайындық ретінде Алматыда дәстүрлі садақ атудан ұлттық құраманың көшпелі оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. Олардың арасында Алтайдың намысын қорғауға аттанған жерлесіміз Ажар Төлеуханова да бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Оқу-жаттығу жиынында 12 спортшы жаттығуда, олардың оны іріктеуден өткен садақшы және тағы екі спортшы резервте болады. Команданың құрамындағы алты ер адам мен төрт қыз көшпенділер ойындарының ережелеріне сәйкес жарыстарға қатыспақ.
– V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына аз уақыт қалды. Сондықтан біз қазір жаттығуды күшейтіп, жаңа әдістерді үйреніп жатырмыз, дайындық өте қарқынды жүріп жатыр. Жалпы спортшыларымыз халықаралық деңгейде жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Бүгінде спорттың осы түрі бойынша Көшпенділер ойындарына қатысуға 35 ел тіркелген, бұл деген 300-ге жуық спортшы. Барлығы біздің спортшылармен бір аренаға шығып, бірінші орынға таласады. Осындай дайындық арқылы біз жақсы нәтижелерге қол жеткізе аламыз және спортшыларымыз тұғырда көк туымызды міндетті түрде көтереді, – деді дәстүрлі садақ атудан Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Диас Ахметов.
Дүбірлі додаға дайындығы туралы жерлесіміз Ажар Тілеуханова былай деді:
– «Көшпенділер ойынына дайындығымыз өте жақсы, айына екі апталап оқу- жаттығу жиынында жүрміз, таңертең 150 оқ, түстен кейін 150 оқ атып, жаттығамыз. Жалпы барлық оқу- жаттығу жиындары тәжірибе жинауға, деңгейіңді тағы бір сатыға көтеруге әсерін тигізеді. Мен өзім садағымды ауыстырдым, өзіме қажетті оқты таптым. Осының бәрі жарыстарда ойдағыдай өнер көрсетуге мүмкіндік береді».
Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құраманың тағы бір мүшесі Ербол Тапеновтың спорттың бұл түрімен айналысқанына бес жылдан асыпты.
– Бұл спорттың ерекше түрі, өйткені ол зейінді, шыдамдылықты, төзімділікті қажет етеді. Қазір V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындықтан өтіп жатырмыз, іріктеуден өттік, ойынға қатысушылар құрамына кірдік. Өзімізді жоғары деңгейде көрсетеміз деп ойлаймын, – дейді спортшы.
Естеріңізге сала кетейік, республикалық садақ ату федерациясы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына кіреді. Сонымен қатар қауымдастық құрамына бәйге, көкпар, аударыспақ, асық ату, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік, JORYQ федерациялары да кіреді. Ал қауымдастықты белгілі кәсіпкер, меценат, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.