Колледждерге жаңа оқу бағдарламасы енгізіледі
2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап колледждерде алты бағыт және 16 пән бойынша жаңа үлгілік оқу бағдарламалары енгізіледі. Олардың қатарында педагогикалық, әлеуметтік-экономикалық, техникалық-технологиялық, көркемдік-технологиялық, аграрлық-технологиялық, қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бар.
Бұл туралы техникалық және кәсіптік білім департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жаңа үлгілік оқу бағдарламаларында жұмыс беруші талаптары мен өңір ерекшеліктері ескеріледі және сағат саны мен тақырыптардың мазмұнын 25%-ға дейін өзгерту көзделген.
Айта кетейік, колледжге түсетіндердің 80%-ы – 9-сынып түлектері. Олар бірінші жылы жалпы білім беретін пәндерді оқиды. Бұрын колледждер жалпы орта білім берудің үлгілік оқу бағдарламаларына негізделсе, енді пәндер студенттер таңдаған мамандыққа бағдарланған практикалық сабақта оқытылады.