Қоржынымызда – 25 жүлде
Алматыда жеңіл атлетиканың бірнеше түрінен өткен ел біріншілігі шығысқазақстандық спортшылар үшін аса табысты болды.
Дәлірек айтсақ, бұл жарыста жерлестеріміз барлығы 25 медаль жеңіп алды. Оның сегізі – алтын, тоғызы – күміс, сегізі – қола. Әсіресе, найза лақтырушыларымыз бабында екен. Бұл спорт түрінен сынға түскен Варвара Назарова (нәтижесі 50,94 метр) мен Артур Гафнер (68,24 метр) тағы бір мәрте мықтылығын дәлелдеп, ел чемпионы атанды. Сол сияқты, Галина Якушеваның да жетістігін атап өткеніміз абзал. Спорттық жүрістен 20 шақырымдық сайысқа қатысқан жерлесіміз екінші орындағы қарсыласынан бақандай төрт минутқа озып кетті.
Соңғы уақытта Арина Гладышева қатысқан жарыстарынан құрқол қайтпай жүр. Бұл жолы да солай болды. 15 жастағы жерлесіміз бес шақырымдық қашықтықты бәрінен жылдам жүгіріп өтіп, кезекті рет мамандардың таңдайын қаққызды.
Бұған қоса, Алматыдағы додада Михаил Горлов пен Ақбілек Құралбай (екеуі де бес шақырымға жүгіру), Никита Евдокимов (15 шақырымға жүгіру), Анастасия Искандырова, Регина Митрофанова (жартылай марафон), Жарас Ниязбеков, Станислав Нестеренко, Бақытжан Орыншайықов, Арина Дудченко, Сергей Крашенинников, Елена Тронтова мен Эрика Кем (диск лақтыру), Максим Торлопов, Вадим Пунтус, Алексей Хлыстов, Лейла Төлегенова, Владимир Торлопов, Алексей Владимиров, Анастасия Калошина мен Татьяна Романова (балға лақтыру), сондай-ақ, Наталья Соколова (найза лақтыру) сынды атлеттеріміз жүлдеге қол жеткізді.