Семейде қар қалашығы ашылды
Семейде қар қалашығы ашылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Иә, ерекше қалашықтың ашылу салтанатына 2000-ға жуық бала қатысты. Мұздан құйылған шаһар «Юность» шағын ауданының әскери қалашығында салынған. Игі бастаманы "Шығыс" өңірлік әскери қолбасшылығының полковнигі Асан Жүсіпов пен Семей гарнизонының әскери бөлімдері қолға алған. Сырғанақ пен хоккей алаңы, Ақша қар мен Аяз ата және ертегі кейіпкерлері жиылған қауымның көңіл-күйін серпілтті.
- Балалардың ертегілер әлеміне саяхат жасағанын қаладық. Балалардың сүйікті кейіпкерлерін мұздан ойып, сырғанақ құйдық. Барлығының көңілінен шықты деген сенімдеміз, - дейді әскери қолбасшы Асан Жүсіпов.
Қар қалашығының ашылуында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, «Анам, әкем және мен» атты спорттық ойын болды. Ойынға 30 отбасы қатысты. Қатысушылар сыйлықтармен марапатталды.