Ұландық меценат жалғыз басты анаға үй алып берді
Ұлан ауданының құрметті азаматы, Өскемендегі «Тала» фирмасының директоры, үздік меценат Мұрат Телебаев кент тұрғыны, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы әрі жалғыз басты ана Әсия Қалиеваға екі бөлмелі үйді сатып алып берді.
– Баспанаға әсіресе, Әсиянің кәрі шешесі Қаншайым апа мен кішкентай ұлы Ислам қатты қуанды. Мұрат ағамыздың осы көмегіне өте риза болды. Жақсылыққа жаршы болып, барлық шаруаны ұйымдастыруға атсалысқан адамдарға алғысымыз шексіз, – дейді облыс бойынша ҚАЖ Департаменті ардагерлер кеңесінің мүшесі Еркін Қасымов.
Айта кетсек, Мұрат Сұлтанғазыұлының ұзақ жыл өзі қызмет атқарған Асубулақ кентіне жасаған бұл бірінші жақсылығы емес. Әр кезде қолынан келген көмегін аямай көрсетіп келеді. Мәселен, Ұлы Отан соғысында қайтыс болғандарға және Халық қаһарманы, даңқты партизан Қасым Қайсеновке қойылған ескерткіштерді күрделі жөндеуден өткізуге қомақты үлес қосты. Сонымен қатар жасөспірімдерге үлкен күрес залын ашып берді. Ең үлкен көмегінің бірі – қирап жатқан мешіттің орнына кент тұрғындарына аса қажет жарқыраған үлкен күнбезі бар мешіт үйін салып беруі.
«Зекет қорының» ұйымдастыруымен бұл еліміз бойынша берілген 125-ші баспана. «Ел үлесі – пәтерге» жобасы ары қарай да жалғасын табатын болмақ.