«Нұр-Сұлтан мен Өскеменде ғана бар» - Сапарбаев роботтандырылған хирургия кабинеті жайында
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Өскемендегі «Роботтандырылған хирургия» орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Орталықтағы «Роботтандырылған хирургия» кабинетін толық жабдықтауға 1 миллиард 900 мың теңге қаражат жұмсалған екен. Мамандардың түсіндіруінше, хирург роботты қашықтықтан басқарады. Ал көмекшілері мен медбикелер манипуляторларды тиісті жерлерге орнатады, қажетті инструменттерді алмастырып отырады. Бұл жерде барлық жұмыс асқан дәлдікпен, кәсіби мұқияттылықпен жасалатыны айтпаса да түсінікті.
Үкімет басшысының орынбасары орталықтың жұмысы мен аталмыш кабинеттің жабдықталуына жоғары баға берді. Сондай-ақ Бердібек Мәшбекұлы сөз арасында «мұздай қаруланған» мұндай әмбебап кабинет Өскеменнен бөлек Нұр-Сұлтан қаласында ғана бар екенін атап өтті.