Ақынкелді тағы да автовокзалда жүр. Касса мәселесі (ВИДЕО)
Өзін Ақынкелді деген атпен таныстырып жүрген өскемендік жігіт бұл жолы облыс орталығындағы автовокзал мәселесін көтерді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Иығында шапан, қолына домбыра ұстап «аспаннан түсетін» ақын. Өскемендегі Абай даңғылының бойында орналасқан автовокзалдың ішінде жүр. Әлеументтік желілерде тарап жатқан видеоларға қарасақ Ақынкелді көзге ұрып тұрған нағыз әлеуметтік мәселелерді көтереді екен. Бұл жолы оның нысанасына кассалар ілініпті.
Ал желілердегі пікірлерді оқысақ өскемендіктер ақынның айтқанын қызу қолдау үстінде. Ол бұған дейін Өскемен вокзалындағы перроның жоқтығын, Күршімдегі паром және көпір туралы айтып-айтып тастағанын жазған болатынбыз.
Ақынкелді кассалар туралы былай дейді:
Билетін алуға кеп Астананың,
Үлкенін көріп тұрмын масқараның.
Ұзын-сонар кезекте әлі тұрмыз,
Сән үшін қойылған ба кассаларың?..
Тоғыздың тек екеуі жұмыс істеп тұр,
Жауып бітеп тастапты басқаларын.
Басшылар қарап отыр қайда ғана,
Бұлардың ойлағаны пайда ғана.
Әйтпесе 9 касса бола тұра,
Жолаушылар кезекке байлана ма.
Білдей бір облыстың орталығы,
Ауылда тұрған жоқ қой айдалада.
Халықтың уақытын жеп жатырсыңдар,
Амалының жоқтығын пайдалана.