Бүгін "WorldSkillsShygys – 2019 " чемпионаты салтанатты жағдайда ашылды
Өскеменде WorldSkillsShygys – 2019 аймақтық чемпионатының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
«Ертіс концерт» орталық мәдениет үйінде өткен маңызды шараға облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қатысты. Облыста осымен төртінші мәрте өткізілетін өңірлік чемпионатқа колледж және жоғары оқу орындарының студенттерімен қатар 18-22 жас аралығындағы жұмыс істейтін жастар қатысады.
Салтанатты шара барысында Әсем Бекқызы аймақ басшысы Даниал Ахметовтың чемпионат қатысушыларына арналған құттықтау хатын оқып берді.
- «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және Жастар жылы аясында ұйымдастырылған кәсіби шеберлік чемпионатының ашылуымен құттықтаймын! Үлкен маңызға ие бұл іс-шара еліміздің ертеңі - жас мамандарымыздың теориялық білімімен қатар тәжірибелік дағдыларын көрсетуге жақсы мүмкіндік. Байқау WorldSkills халықаралық стандарттары бойынша жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру және танымал ету мақсатын көздейді. Қатысушылар саны жылдан жылға артып келеді. 43 мамандық бойынша өтетін биылғы чемпионатқа аймақ колледждері мен жоғары оқу орындарының 270-тен астам студенттері мен түлектері қатысады. Былтырғы республикалық байқауда облыс командасы сегіз алтын, бір күміс медальді олжалап, жүлделі бірінші орынды иеленіп, білімді де білікті, бәсекеге қабілетті жастар екендігін дәлелдеген еді. Биыл да сәттілік серік болсын,-деді Әсем Бекқызы.
Байқау сынақтары негізінен «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», «Азаматтық көлік қызметі», «Өндірістік және инженерлік технологиялар», «Құрылыс және құрылыс технологиялары», «Қызмет көрсету саласы», «Медицина», «Білім беру», «Ауылшаруашылығы», «Шығармашылық және дизайн» салаларына бағытталған.
Өңіріміздегі кәсіптік және техникалық білім беру жүйесінің жұмысы мен жетістіктері, чемпионатты өткізу барысы сөз болған жиында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Қажымхан Оспанғалиев айтып өткендей, WorldSkills жобасы елімізде техникалық және кәсіптік білім беруді насихаттауға бағытталған. Оның басты мәселесі - бізде теория көп, тәжірибе өте аз. Тәлімгерлік деген түсінік жоғалды. Ал шетелде әрбір студенттің өндірісте тәлімгері бар, ол өз тәжірибесі мен білімін студентке береді. Ірі компанияларға қазір инженерлер емес, жұмыс қолдары қажет. Ал WorldSkills арқылы өткен балалар кез келген елде жұмыс таба алады.
Қазіргі уақытта экономика талаптарына сәйкес үнемі жаңартылып отыратын WorldSkills стандарттарын енгізу үдерісі жүріп жатыр. Ол жұмыс берушілердің сұранысы бойынша қосымша кәсіптерді енгізуге мүмкіндік береді.